"Тобыл" Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде венгриялық "Ференцварошпен" ойнайды. Қос команда арасындағы алғашқы матч 5/6 шілдеде (Қостанайда), ал жауапты ойын 12-13 шілдеде (Венгрияда) өтеді. Биыл "Ференцварошты" Ресей құрамасының бұрынғы бапкері Станислав Черчесов жаттықтыруда. Будапешт қаласының атынан шығатын бұл команда 2019 жылдан бері Венгрия чемпионы атанып келе жатыр. "Ференцварош" ел біріншілігінде 33 мәрте топ жарған және бұл көрсеткіш бойынша Венгриядағы ең мықты команда болып саналады.
Соңғы үш маусымда венгриялық команда еуропалық доданың топтық кезеңінде өнер көрсетті. 2019/20 жылғы маусымда команда Еуропа лигасының төрттігінде "Эспаньол" мен "Лудогорецтен" кейін үшінші орын алды. 2020/21 маусымында венгрлер Чемпиондар лигасының тобына түсті (1995 жылдан бері алғаш рет). Одан кейін олар "Ювентус", "Барселона" мен Киевтің "Динамосына" қарсы алаңға шығып, өз тобында соңғы орынға жайғасты.
Былтырғы маусымда "Ференцварош" Еуропа Лигасының тобында соңғы орында болды. Команда "Байер", "Бетис" және "Селтик" сияқты мықты клубтарға қарсылас атанды. 2021 жылдың желтоқсанында Черчесов клубты басқарып, аустриялық Петер Штегердің орынын басты. Нәтижесінде, ресейлік білікті маман командаға чемпиондық пен кубокты жеңуге көмектесті.
"Ференцвароштың" трансферлік құны 41,05 миллион еуро, ал Тобыл командасы 11,13 миллионға бағаланады. Команданың ең қымбат футболшысы Тунис құрамасының орталық жартылай қорғаушысы Аисса Лайдуни. Оның нарықтағы құны 3,5 миллион еуроны құрайды.
Өткен маусымның соңына дейін павлодарлық "Ертістің" бұрынғы қорғаушысы Лаша Двали "Ференцвароштың" сапында болды. Бірақ, оның келісім-шарты аяқталуға жақын. Енді ол "Тобылға" қарсы ойнамайды. Сондай-ақ командадан "Зениттің" бұрынғы ойыншысы Роберт Мак пен мансабын аяқтап жатқан Германия ұлттық құрамасы мен "Челсидің" бұрынғы футболшысы Марко Марин кетеді.
"Ференцвароштың" танымал және тәжірибелі ойыншыларының ішінен мансабында Англияда он жылдан астам доп тепкен 34 жастағы венгриялық қақпашы Адам Богданды ерекше атап өтуге болады. 2015 жылдан 2019 жылға дейін ол "Ливерпульге" тиесілі болды. Босниялық жартылай қорғаушы Мұхамед Бешич те ұзақ уақыт "Ливерпуль" намысын қорғады. Енді ол "Эвертонда" өнер көрсетеді.
Клубтың негізгі стадионы 22 000 көрерменді қабылдай алатын "Groupama Arena". 2018 жылы осы стадионда Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде венгриялықтарды 3:2 есебімен жеңген болатын. Ол ойынға "Тобыл" ойыншыларының ішінен қорғаушы Сергей Малый қатысып, қақпашы Александр Мокин қосалқы құрамда болды. Ал Команданың бас бапкері 58 жастағы Черчесов Қазақстанға 2019 жылы Ресей құрамасының бапкері ретінде келген. Ол уақытта оның шәкірттері Қазақстан құрамасын 4:0 есебімен ұтты.
"Тобылдан" бөлек "Астана", "Қайрат" және "Қызыл-Жар" да еуропалық додада өнер көрсетеді. Аталған командалар Конференция лигасында өнер көрсетеді.
Былтыр ҚПЛ-да екінші рет чемпион атанған "Тобыл" биылғы маусымда 12 турда 18 ұпай жинап, бесінші орында ғана тұр. Өткен айда отставкаға кеткен Александр Москаленконың орнына 59 жастағы сербиялық маман Миланович келді. Сонымен қатар ағымдағы жылдың наурыз айында қостанайлықтар Қазақстан Суперкубогін да жеңіп алды.
Ермұхамед Мәулен