"Тобылға" сенім артамыз, "Астана" келесі кезеңге шығады

2619

​Қазақстан атынан Еурокубок ойындарына қатысып жатқан 4 командамыздың аяқ алыстары қандай? Соңғы айналымға кім өтеді?

"Тобылға" сенім артамыз, "Астана" келесі кезеңге шығады

Төрт командамыз да алғашқы ойындарын өткізіп, үшінші іріктеу ойындарын ала-құла бастады. Расын айтқанда бұл кезеңде командаларымыз мардымды ойын көрсете алмады. Мысалы сырт алаңда тең ойнады деп мақтап отырған "Астанамыздың" ойыны сүреңсіз болды. Тек тәжірибие, тек Томасов, тек Тихоновтардың арқасы. Осы үш "Т" көп нәрсені шешіп тұр. Енді жауапты ойында елордалықтар КуПС командасымен кездесіп, кез келген есеппен жеңсе болды. Алғашқы матчта қорғаушы мен қақпашы қателесіп, гол жіберіп алды. Соңғы секундта жаңадан келген қорғаушы Энао Битри есепті теңестіріп кетті. Албаниялық қорғаушы өте мықты екенін байқатты. Финляндияның командасын елордалықтар айналып өтуі тиіс. Ал одан кейін... одан кейін плэй-офф айналымында оларды "Унион" Бердлин командасы күтіп тұр. Бұл – Бундеслиганың командасы екенін естеріңізге салсам да жеткілікті шығар. Ар жағын өздеріңіз аңғарарсыздар. Бірақ, басты мәселе қазір ол емес, алдымен "Астана" сол төртінші айналымға өтіп алсын. Қалғанын көре жатармыз.

"Шахтер" сырт алаңда 0:0 тең түсті. Қарағандының командасы Киев облысының командасы "Колоспен" кездесті. Бір ойыншысы алаңнан қуылып кетсе де, керекті нәтижені сақтап қалды. Негізі матч барысында қарағандылық команда тіпті гол салатын да жағдай жасады. Әрбір допқа таласып, мінезбен ойнады. "Астана Аренада" жауапты ойын өткізіп, "Шахтер" "Колосты" жеңіп, украиналық клубты жарыстан шығарып жіберетіндей болып көрінеді де тұрады. Ішкі біріншілікте 11 орында жүрген бұл командамызға еш мін таға алмаймыз. Жарыстан шығып кетсе ештеңе етпес, ары өтсе онда оларды қаһармандар дейміз. Сондықтан да, мінез бен сәттілік үйлессе, "Шахтер" келесі айналымға өтуі керек.

"Тобыл" - Конференция лигасында ойнап жатқан үшінші командамыз. Екінші айналымда ерлік жасаған қостанайлықтар қатты шаршап қалса керек, өз алаңындағы ойында жеңіліп қалды. Өз алаңы деп отырғанымыз тағы да сол киелі жасанды алаңы бар "Астана Арена". Неге барлығы "Астана Аренада" ойнай береді деп заңды сауал тастауыңыз мүмкін. Оның себебі Қостанай қаласының орталық стадионы УЕФА сертификациясынан өте алмай қалды. Оның өте алмасы бұрыннан белгілі. Телестудия, тілшілерге арналған арнайы бөлме болуы тиіс. Осындай жағдайларды реттеуге қатты бір қаржы да кете қоймайды. Бірақ, жергілікті әкімдік өз командасына жағдай жасай алмай, көрерменді футбол тойынан айырды. Қыруар қаржыны легионерлерге бөлуді білді де, жанкүйер отыратын стадионды жөндеуді естен шығарыпты. Мақұл, осы жағдай оларға сабақ болып тиетін шығар деген зор үміттеміз. Ай, қайдам, ол стадионның жөндеу көрмей тұрғанына да оншақты жыл.

Қош, ойынға оралайық. "Аренаның" төрінде "Тобыл" 22-23 жастағы аяқдопшылардан құралған "Жилина" командасына жеңілді. Словакияның ұжымы бір шабуыл жасап, гол салды. Оның өзі қақпашы Александр Мокиннің қатесі. Әлбетте, бұл футбол болғансоң ондай да болады. Өткен ойында ол 11 метрлікті қайтарған, бұл жолы 30 метрден жасалған соққыны өткізіп алды. Енді жауапты матчта "Тобыл" алаң иелерін қыспақтауы тиіс. 1 гол айырмасы алынбас қамал емес қой. УЕФА сырт алаңда салған голдың маңызын алып тастағалы бері қазақ командалары жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Сондықтан да, "Тобыл" мачты жеңсае болды, ары қарай экстра-тайм немесе пенальтилер топтамасына жетізсе, Мокин бір-екі пенальтиді тосып, командасын 4 айналымға алып шығар.

Сөз соңында айта кетерлік тағы бір матч бар. Еуропа лигасы жарысында бақ сынап жатқан "Қайрат" өз алаңында Армения елінің серкесі "Алашкертпен" 0:0 тең түсті. Алғашқы ойында анық фаворит болған алматылықтардың күш қайраты сарқылғандай. Гол сала алмағыны былай тұрсын, өз қақпасына пенальти алып келді. Оны қайта армениялықтар голға айналдыра алмады. Десе де, "Қайрат" келесі кезеңге шығады деп отырмыз. Соған, сенгіміз-ақ келеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу