Милан Миланович 1963 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Белградтың "Чукарички", Германияның "Аугсбург" клубтарында доп тепкен. Ол бапкерлік мансабын 90-шы жылдардың ортасында бастады. Фарер аралдарының "ВБ Вагур" және "Тверойри" командаларын жаттықтырды. 2009 жылы Босния және Герцеговинаның "Лакташи" клубын тізгіндеді, 2011 жылы "Шерифте" бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді, 2012 жылдың 29 мамырында команданың бас бапкері болып тағайындалды. 2012 жылдың қыркүйегінде "Хайдук" (Сербия) клубымен келісім-шартқа қол қойды. Содан кейін "Нови-Пазар", "ОФК", "Раднички" және "Рада" сияқты серб командаларында жұмыс істеді. 2019 жылы "Ертіс" ұжымына бас бапкер болып келді. Ал өткен жылы Арменияның "Алашкерт" командасында үш ай жұмыс істеді.
Сонымен қатар тағы бір сербиялық маман Милан Кулич "Тобыл" клубының бас бапкері болып тағайындалған Милан Милановичтің көмекшісі атанды. Маманның міндеттеріне футболшылардың жеке дамуына бағытталған физикалық көрсеткіштерді жақсарту, ақпаратты талдау, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу кіреді. Кулич бұған дейін "Раднички", "Земун", "Будучность" сияқты серб клубтарында және Сербияның U-19 жастар құрамасында жұмыс істеген.
Айта кетейік, қостанайлық "Тобылдың" бас бапкері Александр Москаленко осыдан бір апта уақыт бұрын қызметінен кеткен болатын. Қос тарап екіжақты мәміле бойынша келісім-шартты үзді.
"Осы уақытқа дейін "Тобыл" сапында бірнеше белестерді бағындырдық. Қиын да қуанышты кезеңдер бастан өтті. Айтулы жеңістер де, ауыр жеңілістер де болды. Осының бәрін бір команда болып бастан кешірдік. "Тобыл" — үлкен міндеттерді орындайтын, алдына биік мақсат қойған ұжым. Бірақ, осы жылы біз ойлаған нәрселер іске аспады. Оның өзіндік себептері де бар еді. Алайда мұнымыз тек ақталу сияқты естілуі мүмкін. Сол себепті артық сөйлемейін. Командаға алдағы уақытта сәттілік, мақсаттарының орындалуын тілеймін. Әр футболшыға, әкімшілік және медициналық штабқа алғысымды білдіремін", - деп атап өтті Александр Васильевич.
Москаленко "Тобылды" өткен жылы тізгіндеген болатын. Оның жетекшілігімен қостанайлық клуб Қазақстан чемпионы атанып, ел суперкубогін иеленді.
Ермұхамед Мәулен