Тоғыз тоңқылдақ

Қажет Андас Қажет Андас
2394

Алматы облысында жергілікті билік ұсынған ақшаны азсынған адамдар келісімге келмей, қиғылық салып отыр.

Тоғыз тоңқылдақ

Алматы-Бішкек автожолының 786-790 шақырымының бойында орналасқан "Апорт", "Алтын Орда" базарлары мен "Асыл арман" тұрғын үй кешенінің алдынан өтетін күрежолдағы көлік кептелісі жұрттың жүйкесін жұқартқанына жылдардың жүзі болды. Күніне 52 мың көлік зулап өтетін жолда үнемі айқай-шу, тартыс-талас, текетірес болып жатады.  Алдағы уақытта осының барлығы сап тыйылып, мәселе күн тәртібінен түсетін тәрізді.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов: "Төрт шақырым жол салуға республикалық бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Мердігер компанияның дайындық шараларына 2,7 млрд теңге аударылды. Жыл соңына дейін тағы 300 млн теңге бөлінеді", – деді.

Он жолақты жолдың төрт жолағы транзиттік көлікке, екі жолағы көше автобустарына,  екі жолағы ауылдан келетін көліктерге, екі жолағы базарда жұмыс істейтіндердің темір тұлпарларына арналады.

Құрылыс барысында жаяу жүргіншілер үшін 3 жер үсті жолы, бір көпір және  Абай, Іргелі ауылдарының қиылысында 700 метрге созылатын кірме жол салынады.  Жоба толық аяқталып,  пайдалануға берілген кезде бұл жолмен күніне 70 мың көлік кептеліссіз жүретін болады.

"Осыған дейін жоба бекітіліп, тендер арқылы мердігер компания анықталды. Құрылысты "Торстрой" ЖШС жүргізетін болды. Олар алдын ала бөлінген  қаржыға құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарды сатып алды", – деді "ҚазАвтоЖол" АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев.

Мердігер компания биыл Ақсай өзенінің үстінен өтетін көпір және жаяу жүргіншілер үшін жерүсті жолын салуды қолға алады сонымен қатар  құрылыс аумағына  су, электр, газ, жылу желілерін тартуға кіріседі. Бұл туралы "Торстрой" ЖШС директоры Берік Тілеукеев: "Негізі, жолдың құрылысы 2020 жылы шілдеде аяқталуы керек. Біз жоспарды мерзімінен бұрын орындауға бел буып отырмыз. Себебі құрылысқа қажетті материалды өзіміз өндіреміз, зауытымыз құрылыс аумағына жақын жерде орналасқан.

Осындай қолайлы жағдай бізге жұмысты уақытынан бұрын аяқтау мүмкіндігін беріп отыр", – деді.

Десе де құрылыс жұмысы толық аяқталғанға дейін біраз қиындық туатын тәрізді. Осы турасында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Сатубеков: "Жол жиегіндегі ағаштарды кесу мен қызыл сызыққа кірген нысандарды сатып алуға қатысты дау туындауы мүмкін. Жол құрылысын жүргізу үшін Қарасай ауданына қарасты 48 жер телімін сатып алу жоспарланған. Бүгінге дейін 25 жер телімі сатып алынды. Қалған 14 жер теліміне ие болып отырған адамдардың бесеуі таяуда бізбен келісімге келді, қалған 9 адам қиғылық салып отыр. Оларға қатысты іс сотқа жолданды", – деді.

Айта кетейік, 4,44 гектар аумақты алып жатқан 48 жер телімін сатып алуға  республикалық бюджеттен 574,9 млн теңге бөлінген. Оның 445 млн теңгесі биыл игерілуі тиіс. Өкінішке қарай, Қарасай ауданындағы жер телімдерін сатып алуға 30 млн теңге ғана қарастырылған.  

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу