Тоқаев 90 миллион табыстады: Қандай жобаларға грант берілді?

2066

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын табыстады. Грант 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған. "Ғылым", "Мәдениет", "Бизнес", "Ақпараттық технологиялар" және "Медиа" бағыттары бойынша жиыны 30 жобаға үш млн теңгеден берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Тоқаев 90 миллион табыстады: Қандай жобаларға грант берілді?

Орбұлақ шайқасында қолданылған қарудың дауысын естиді

Медиа бағыты бойынша coworking орталығын ашу, "Малике" драмалық қысқаметражды фильмі, елдегі ұлттық дәстүрлер мен мәдение оқиғалар туралы "Құрақ" подкастын шығару, қаржылық сауаттылықты дамыту бойынша "Қазфинанс" ақпараттық клубын құру, youtube платформасында "Хай скул" бейнесабақтарын құру сынды жобалар қомақты қаражатқа қол жеткізді.

"Бес жылдан бері мұғалім болып жұмыс істеймін. Байқағаным, жастар ұзақ мәтін оқығаннан гөрі, әлеуметтік желілерде қысқа бейнероликтерді тамашалағанды ұнатады. Неге? Өйткені видео көз тартады. Сондықтан командамызбен бейнесабақтар жасауға кірістік. Мектеп пәндері бойынша 3D бейнесабақтарын жасауды қолға алдық. Мысалы, Орбұлақ шайқасы жайлы бейнесабақ жасадық. Бұл жерде тарихи даталар ғана айтылмайды, сол кезде қолданылған қару-жарақтың дауысын естиді, қазақ пен жоңғар әскерінің стратегиялық орналасуын көреді. Яғни оқушылар сол кездегі атмосфераны сезініп, оқиғаның стратегиялық маңызын түсіне алады. Бұл бағытта физика, химия сынды басқа пәндермен де жұмыс істеп жатырмыз", – деді "Хай скул" онлайн білім беру орталығының жетекшісі Әлиғазы Айдарханов.

140 мың оқушы қолданатын платформа

Ақпараттық технологиялар бағыты бойынша донор болу мобильді қосымшасы, білім беру емтихандарын өткізудің онлайн мониторингі бойынша аэробағдарламасын енгізу, Қазақстанның оқу орындарына түсу емтихандарына дайындалуға арналған "Білім бер" платформасы сынды жобалар назарға ілікті.

"Білімімді жетілдіру үшін екі жыл Сингапурға барып келдім. Онда инновациялық стартап жасап, тәжірибе жинадым. Былтырғы пандемия бар адамзатқа, әсіресе оқушыларға психологиялық жағынан қиын болды. Онлайн оқудың қиындығын бәрі біле бермейді. Сол себепті волонтер жылында әріптесім Ерасыл Оспановпен бірге волонтерлік жоба жасадық. Сол арқылы оқушылар емтиханға дайындалып, грант иегері болуға мүмкіндік алды. Әлеуметтік платформамызда оқушылар бір-бірімен жарысып, мотивация жинады. Бұл платформаны қазір 140 мыңнан аса оқушы қолданады. Соның 40 пайызын шалғай ауылдарда тұратын жастар құрайды. Жақында Орталық Азияға да шығамыз. Әлемдік нарықта қазақстандық IT-өнім болып танылып келеміз", – дейді "Білім бер" компаниясының құрылтайшысы Ақбота Мұса.

Ертегі желісі бойынша мультфильм

Мәдениет бағытында 3D виртуалдық саяхат, тас және қола дәуірін тарихи тұрғыда қалпына келтіру саласындағы эксперименттік археология, қазақ ертегілерінің желісі бойынша мультипликациялық роликтер жасау және "Театр, шығармашылық, талант" атты халықарадық балалар-жасөспірімдер театр фестивалі конкурсын ұйымдастыру сынды жобалар жүлде алды. 

"Театр өнеріне балаларды қызықтыру мақсатында жоба әзірледім. Ол – "Театр, шығармашылық, талант" атты халықарадық балалар-жасөспірімдер театр фестивалі конкурсы. Болашақта сахнада балалар ойнайтын бірегей театр ашып, елімізді мәдениет, өнер арқылы әлемге әйгілі ету – менің арманым", – деді Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің оқытушысы Думан Әкім.

Смарт суару құрылғысы

Бизнес бағыты бойынша биологиялық жолмен ыдырайтын материалдан ыдыс-аяқ жасау, ауыл шаруашылығында су ресурстарын үнемдеуге арналған смарт суару құрылғысын әзірлеу, гидропоникалық жасыл желіні дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу технологиясы негізінде биотыңайтқыш әзірлеу, жас суретшілердің бірегей жиһазын қалпына келтіру бойынша шығармашылық шеберхана ашу сынды жобалар жеңімпаз болды.

Солардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін "Лайв плюс" емдік дене шынықтыру кабинетін ашу жобасы да бар.

"Мен 24 жыл бойы церебралды сал ауруымен өмір сүріп келемін. Жақындарымның қолдауының арқасында өмірде жетістікке жетуге болатынына көзім жетті. Сауықтыру кабинеттерін алыс ауылдарда да ашқым келеді", – деді жоба авторы Динара Рустамқызы.

Демографияға болжам

Ғылым бағытындағы жастар қолға арналған биомеханикалық протез, Абай шығармашылығының линвастатистикасын әзірлеу сынды бірнеше тың дүниені қолға алмақ. 

Солардың қатарында Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің магистранты Антон Ивлев бар. Ол демографиялық деректерді талдау және болжау үшін ақпараттық жүйе құру жобасын әзірлеген. 

"Екі жыл бұрын маған бір демограф "жыл сайын мыңдаған IТ саласының маманы даярланады. Бірақ демографиямен айналысатыны некен-саяқ" дегенді айтты. Мен содан кейін магистратураға түскенде осы салаға талдау жүргізе бастадым. Менің жобам арқылы болашаққа болжам жасауға болады, өткен жылдарды да сақтап қою көзделеді. Әрине, мен әлі бастапқы кезеңдерін іске асырып жатырмын", – деді ол жиында сөйлеген сөзінде.

P.s. "Мәдениет, білім және ғылым салаларында жетістікке жеткен дарынды жастарға мемлекеттік наградалар беріледі. Бүгінгі кездесу сіздердің шығармашылық жобаларыңыз бен бастамаларыңызды жүзеге асыруға серпін беретініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу