"Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды. Өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.
Бұл ретте Мемлекет басшысы елдегі әр азаматтың мүддесін қорғайтынын жеткізді.
"Президент ретінде халқыма мынаны айтқым келеді. Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін". – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолын және стратегиясын жалғастыратынын айтты.
"Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап, дауыс берді. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек – Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан бұл ең алдымен Елбасының арқасы", – деді Қазақстан Президенті.
Видео:
Фархат Әміренов