Тоқаев Әзербайжанға шынында не үшін барды?

2637

Астана мен Баку өңірлік ынтымақтастықтың жаңа үлгісін түзуде.

Тоқаев Әзербайжанға шынында не үшін барды? Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапары шетелдік ақпарат агенттіктерін елең еткізді. Мысалы, халықаралық ақпарат айдынындағы жаңалықтардың үлкен бір бөлігі Таулы Қарабақтағы соғыс тақырыбымен тығыз байланысты болды.

Әзербайжан және армян басылымдары "Тоқаев Әзербайжанның Карабахтағы тарихи жеңісін Қазақстан халқының үлкен қуанышпен қарсы алғанын айтты" деген ұқсас тақырыптармен шықты.

"Әзербайжан Сіздің беделді басшылығыңызбен үлкен тарихи жеңіске жетті. Бұл – мемлекеттің егемендігін қалпына келтіру. Қазақстан халқы бұл жеңісті үлкен қуанышпен қарсы алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздерінен кейін баспасөзге осындай мәлімдеме жасады", – деп жазады әзербайжандық Azertac (Азертадж) басылымы.

Осыдан кейін Қазақстан лидерінің Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюы да сарапшылар назарына ілікті. Себебі, Ақорданың мәліметінше, "Шаһиттер аллеясы "Нагорный" саябағының аумағында орналасқан, мұнда 1990 жылғы қайғылы оқиға құрбандарының және Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан ұлт қаһармандарының бауырластар зираты бар".

Қазақстан-Әзербайжан жоғары мемлекетаралық кеңесінің І-ші отырысына қатысқан Қ.Тоқаев Қарабаққа қатысты тағы бір жайтты жария етті: осы өңірде 2020 жылғы соғыс барысында азат етілген Физули қаласында салынған Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ пен әзербайжанның бауырластығының символына айналады.

Президенттің пікірінше, қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі оң септігін тигізуде. Мәселен, Түркістан мен Шуша, Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа шаһарлары – бауырлас қалалар атанды.

"Мен елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарға баса мән беремін. Бұл халықтарымызды жақындату тұрғысынан өте маңызды. Сумгаит қаласындағы көше Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталды. Біз ол үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ Астана қаласындағы көшеге Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Бұл екі елдің ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған елеулі оқиға болды. Ертең Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын ашамыз. Бұл да біздің ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымыздың символы болатыны анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін қос президент ашатын Құрманғазы атындағы БШО жалпы ауданы 3 100 шаршы метрді алып жатқан қос қабатты ғимарат. Ол бір мезгілде 600 шәкіртті қабылдай алады. Қазақстанның қаржысына тұрғызылған және қазақ елінің тартуы болып табылатын бұл орталықта әзербайжандық балалар вокалмен, спортпен, хореографиямен, музыкалық аспаптарда ойнап үйренумен, робототехникамен, 3D-моделдеумен, веб-дизайнмен, фотография және видео түсірумен айналысады. Бұдан бөлек, кілем тоқу, құмыра жасау және басқа қолөнер бойынша үйірмелер ашылады.

Өз кезегінде Президент Ильхам Әлиев Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас қазақ елі жәрдем бергенін жариялап, сол үшін ризашылын білдірді.

"Физулида Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Сондай-ақ  Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз! Әлбетте, Әзербайжан жұрты Қазақстанды сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды", – деді И.Әлиев.

Мұның бәрін Еуразиялық одақ бойынша "одақтасымыз" Арменияның басылымдары қынжыла қабылдады. Оның үстіне Қазақстан лидері Әзербайжанды "стратегиялық одақтасымыз" деп атады.

"Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес пен одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді! Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор!", – деген Қ.Тоқаев Әлиевтің COP29 климаттық келіссөздер саммитіне қатысуға шақыруын ықыласпен қабыл алатынын жариялады.

Бүкіл посткеңестік тарихта, ТМД аймағында тұңғыш рет БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференциясы (UNFCCC COP 29) 2024 жылғы 11–22 қараша күндері Бакуде өтпек. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай әлемдік шараны өткізу мәртебесін жеңіп алуын – "Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясының аса ірі тарихи жетістігі" деп бағалады.

Осыдан-ақ Әзербайжанның әлемдегі рөлін аңғаруға болады. Бұл ретте сарапшылар Мәскеудің қарсы санкциясы аясында ресейлік көгілдір отыннан айрылған Еуропаға Әзербайжанның көмекке келіп, орыс газын және мұнайын алмастырғанын еске салды. Яғни, бұл салада ол "Батыс әлемінің құтқарушысына" айналды. Өйткені ресейлік сарапшылар ресейлік газсыз Еуропа жұртшылығы қыста қатып қалады, кәсіпорындары жаппай жабылып, экономикасы күйрейді, оның соңы "аштар бүлігіне" соқтырады деп қара аспанды төндірген. Содан былтырғы БҰҰ-дағы дауыс беруде Батыс осы елдің жаһандық "жасыл" энергетикадағы жетекші рөлі ескерді.

Жалпы, Әзербайжанның барлық ақпарат құралдары Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапарына баса мән берді. Бұл ел сарапшыларының ойы бір арнада тоқайласты: Әзербайжан мен Қазақстан өңірлік ынтымақтастықтың жаңа үлгі-парадигмасын орнатуда.

Мысалы, Бакуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Каспий арқылы Апшерон станциясына келіп жеткен контейнерлік блок-пойызды қарсы алу салтанатына қатысты. Пойыз қытайлық Сиань қаласындағы Қазақстан мен ҚХР-дың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) сапарлады.

Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан лидері Ресей–Украина соғысы, санкциялық текетірес сияқты жанжалдар ушыққан "қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын" жариялады. Яғни, шындап келгенде, болашақта Қазақстан мен Әзербайжанның ынтымақтастығы арқасында Қытай мен Еуропа өзара тасымал мен тауарайналым мәселесінде ортадағы Ресейге еш тәуелді болмайды. Тоқаев "бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқаратынын" мәлімдеп, екі елдің төрдегі алатын құрметті орнын көрсетті.

Әзербайжандық сарапшылардың хабарлауынша, бауырлас, түркітілдес екі елдің ықпалдастығын бұған дейін қол қойылған 134 келісімшарт нығайтып тұр. Оның арасында мысалы өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама да бар.

Ал Тоқаевтың бұл жолғы мемлекеттік сапары аясында қол қойылған, 14 құжаттан тұратын жаңа келісімдер топтамасы үдемелі дамыған екіжақты серіктестікке жаңа серпін бермек.

Бұлардың ішінен жоғарғы оқу орындарына қатысты ынтымақтастықпен, ғарыш кеңістігін бірлесіп, бейбіт мақсаттарда зерттеп, пайдаланумен байланысты келісімдерді атап өтуге болады. Екі ел ортақ мүддеге сәйкес келмейтін жаттың пропагандасымен бірге күресуге, қазақ-әзербайжан шағын және орта бизнесін бірлесіп дамытуға уағдаласқан.  

Қазақстанда киберқауіпсіздікке және басқа да мәселелерге жауап беретін ҰҚК-нің "Мемлекеттік техникалық қызметі" Әзербайжанның Арнаулы байланыс және ақпараттық қауіпсіздік қызметімен "ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністікке" келіп, тиісті құжат бекітті.

"Самұрық-Қазына" АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (AIH) екі елге ортақ шараларға инвестиция тартатын болды. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясымен, осы елдің аумағы арқылы Еуропаға, өзге ірі нарықтар мен аймақтарға қазақ мұнайын жеткізу көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мәмілелесті. Сарапшылар егер екі елдің порттық инфрақұрылымын дамытса, Каспий арқылы 20 миллион тонна және одан көп қара алтын тасымалдауға болатынын айтып жүр.

Саясаттанушы Марат Шибұтов Қ.Тоқаевтың сапары аймақтағы геосаяси ахуалдағы өзгерістермен тығыз байланысты екенін айтады. Қазақстан басшысы сондағы проблемалардың шешімін іздеп барды.

"Қазақстан Президентінің Әзербайжанға екі күндік сапарының себебі қарапайым. Қара теңіз ұрыс қимылдары жүретін теңізге айналып барады, салдарынан ондағы кеме тасымалына да, порттар қызметіне де қауіп төнді. Мұнай мен бидай экспортының басым бөлігі Қара теңіздегі ресейлік порттар арқылы өтетін Қазақстан үшін бұл бас қатырып, тығырыққа тірейтін проблема саналады. Сондықтан Каспий арқылы Әзербайжанға және одан арғы нарықтарға шығаратын маршрутті жолға қою маңызды", – деді М.Шибұтов.

Экономист Марат Ерғозиннің пікірінше, екі елдің ең ірі ынтымақтастық әлеуеті логистикалық және көлік қатынасы саласында қордаланған. Жаһандық нарыққа экспортпен және импортпен шығуда Ресейге 90 пайызға дейін тәуелді Қазақстан Әзербайжанның көмегімен тауар ағынының баламалы маршруттерін қалыптастырып, тәуелсіздігін нығайтуда. Осының аясында  Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ), Автомобиль өнеркәсібінің түрік конгломераты сияқты өршіл-амбициозды жобалар бүкіл өңірдің өрісін кеңейтетін, тынысын ашатын өзара іс-қимылдың озық үлгісіне айнала алады.

Қазақстан мен Әзербайжан сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтады. Сондай-ақ жаңғыратын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамытпақ.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артыпты. Дегенмен, әлі де аз: 2023 жылдың қорытындысында өзара тауарайналымы 529,4 миллион долларды құрады. Ұлттық банктің дерегінше, 2005–2023 жылдары әзербайжандық инвесторлар Қазақстан экономикасына 380,8 миллион доллар қаржы құйған. Қазақ бизнесінің Әзербайжанға салған инвестициясы осы жылдары 116,6 млн доллардан сәл асты.

Қ.Тоқаевтың сапары аясында тараптар бұл көрсеткіштерді ауқымды арттыруға уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу