Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" атты отыз бірінші сессиясында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Мен Конституцияға түбегейлі сипаттағы және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізуге бастама көтердім. Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшудеміз. Мұны екінші республика деп атауға болады", – дейді Президент.
Оның айтуына қарағанда, жұмыс тобы негізгі заңның 33-бабына түзетулер дайындады. Бұл – бүкіл Конституцияның үштен бірі. Аталған өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңеске берілді, ол жақын арада өз үкімін шығарады.
"Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Референдум – бұл аса маңызды демократиялық институт, алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өтті.
"Содан кейін "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң қабылданды, ол соған қарамастан ешқашан іс жүзінде қолданылмаған. Тіпті Конституцияға түзетулер содан бері төрт рет енгізілсе де қолданылмады. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытымызды нығайтады", – дейді Тоқаев.
Оның айтуына қарағанда, "Жаңа Қазақстан" деген – әділетті Қазақстан.
Жасын Қалибек