Қасым-Жомарт Тоқаев: Қырғи-қабақ жағдайға ізгі ниет пен диалогты қарсы қоюға болады

1877

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпалын тигізді деп санайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қырғи-қабақ жағдайға ізгі ниет пен диалогты қарсы қоюға болады

Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен  қызмет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізді. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеді, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түсті.

Бұл туралы президент ел астанасында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезінде айтты, деп жазады inbusiness.kz.

– Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе  санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағидаттардан құрылады деп санайды. Бұл мәселеде адамгершілік бедел мен рухани көшбасшылардың сөзі өте маңызды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсетеді.

– Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан "қақтығыс ошақтарындағы" әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу