"Ең алдымен Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асырумен айналысамын. Мемлекеттің бес институционалдық реформасы секілді басқа да маңызды стратегиялық бағдарламаларды жалғастырамын. Басқаша айтсам, Елбасының стратегиясын орындаймын. Еліміз тұрақты дамудың жаңа кезеңіне шығуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер керек. Оны жуық арада жариялаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.
Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше назар аударатынын айтты.
"Екіншіден, елдегі өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысамын. Мұқтаждарға көмек көрсетемін. Бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу үшін Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Біз әлеуметтік саясатты барынша жаңалауымыз керек", – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдайтынын мәлімдеді.
"Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын боламын. Инвестиция тартуды ынталандырып, қорғаймын. Іскерлік белсенділікті арттырамын. Төртіншіден, менің міндетім – қоғамның бірлігін сақтау және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Ең бастысы барлық жерде және әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын", – деп жалғастырды сөзін Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір әлем жаңа өзгерістерге қадам басып отыр.
"Бүгінде әлем жаңа өзгерістерге қадам басты. Технологиялар, экономика мен әлеуметтік жағдай өзгеруде. Адамдардың әлемге деген көзқарасы да өзгеріп жатыр. Әсіресе, жастардың. Қазақстанның алдында жаңа тәуекелдер мен сын-қатерлер тұр. Көп жылдар бойы халықаралық саясатпен айналысқан адам ретінде аңғарғаным, жаңа дәуір келіп жетті. Сауда "соғыстары", халықаралық қатынастардағы шиеленістер, өңіраралық қақтығыстардың күшеюі осының бәрі – жаңа геосаяси жағдайдын қазіргі келбеті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фархат Әміренов