Тоқаев Үндістанмен сауда қатынасын одан әрі дамытуға ниетті

2898

Орталық Азия елдері мен Үндістанның тауар айналымы 2020 жылы үш миллиард долларға жетті. 

Тоқаев Үндістанмен сауда қатынасын одан әрі дамытуға ниетті

Осы саудадағы Қазақстанның үлес салмағы 80%-ды құрады. Бұл туралы "Орталық Азия – Үндістан" саммитінде сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Алайда мемлекет басшысы атап өткендей, бұл көрсеткіш біздің жиынтық экономикалық әлеуетімізге әлі де сәйкес келмейді. 

"Менің ойымша, "Орталық Азия – Үндістан" саммиті сынды диалог алаңдары біздің елдеріміздің үдемелі дамуына, жаңа сын-қатерлерге тиімді жауаптар беруге көмектеседі. Сондықтан осы саммит мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенімдімін", – деді Тоқаев.

Үндістанның Сыртқы істер министрлігі бұған дейін бұл саммит Нью-Дели мен Орталық Азия елдерін байланыстырады деп мәлімдеген. 

"Азия өңірі зор ресурс пен зияткерлік әлеуетке ие. Мұнда маңызды көлік дәліздері бар, нарық жылдам дамып келеді. Азияның әлемдік форматтағы рөлі айтарлықтай өсті, инвестиция мен капитал тартудың жаңа жаһандық орталығына айналып келеді. Осы арқылы үлкен перспективалар ашылады. Ең алдымен, сауда саласында мүмкіндіктер ашылады", – деді Президент.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет ұйымдастырылып отырған

"Орталық Азия – Үндістан" атты онлайн саммитке қатысып жатыр. Жиынға Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди бастамашы болды. 

Басшылар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің перспективаларын талқылайды.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысының хабарлауына қарағанда, жиын қорытындысы бойынша "Орталық Азия – Үндістан" атты бірінші саммиттің Декларациясы қабылданады деп жоспарланған.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу