Тоқаевтың месседжі: Ұлттық құрылтайдан кім не түйді

2562

Сонымен өткізілетіні көптен бері айтылған ұлттық құрылтай да аяқталды. Жиынға келгендер ондаған ұсынысын ортаға салды. Жалынды сөздер де айтылды. Президентті мақтағандар да табылды.

Тоқаевтың месседжі: Ұлттық құрылтайдан кім не түйді

Президентке ұсыныс

Жиынға келгендер ішінде елге белгілі азаматтардың біразы бар. Дегенмен оның бәріне сөз берілген жоқ. Ақын Светқали Нұржан, математик Асқар Жұмаділдаев қатарлы танымал адамдар ұсынысын ортаға салды. Қазақстанның Еңбек ері атанған Шаханов қонақ болып отырды. Жұмаділдаев Қаңтар оқиғасы кезінде кім кінәлі, кім кінәсіз екенін айқындауды сұрады. Ақын Светқали Нұржан Торғай өңірі халқының аманатын жеткізді. Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнату керек деді. Саясаткер Әлихан Байменов ең алдымен телеарналарды телекорпорацияларға айналдырып, елдің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту керектігін ескертті. Ақын Бауыржан Ғубайдуллин қазақ ұлтын қайтадан дәстүрлі Исламның аясына жинауына қажырлылық танытуды сұрады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев ұлттық қорды жұмсауды тоқтату керектігін атап өтті. Депутат Айдос Сарым да қалыс қалған жоқ. Журналист Мақсат Толықбай ең алдымен ұлттық құрылтай айналысатын басты мәселелерді айқындап алсақ деп өтініш білдірді.

Жалпы ұлттық құрылтайда спорт, білім, мәдениет, денсаулық – барлық саладағы ұсыныстар айтылды. Жиынды жүргізіп отырған мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин ұсыныстардың бәрі хаттамаға енгізілетінін мәлім етті.

"Қазақстан" атауын өзгертпейміз!

Әу баста сөз алған президент Тоқаев "кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүргенін" еске алды. Қателеспесек, бұл ұсынысты елшілердің бірі – Қайрат Лама Шәріп білдірген. Кейін осы ұсынысы үшін мемлекет басшысынан сөгіс алғаны да бар.

"Олар "Қазақстан" атауындағы "-стан" сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе", – деді Тоқаев.

20-дан астам жаңа заң жобасын әзірленеді

Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституциялық өзгерістер кезең-кезеңімен қолданыла беретінін мәлім етті. Айтуынша, жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істелуі керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасы әзірленіп, қабылдануы тиіс.

Тоқаев сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдар өзгертілетінін атап өтті. "Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды" дейді ол. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайтыны да айтылды.

"Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды" деген президент депутаттар негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керектігін, сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн екенін айтып өтті.

Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер жайлы

Президент заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екенін айта келе онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес деді. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.

"Жалпы отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді", – деді ол.

Осы себепті орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс дейді мемлекет басшысы.

Құрылтай – жалпыұлттық жиынға айналуы тиіс

Мемлекет басшысы жастардың өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алатынына назар аударды. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажеттігін көтерді. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деді.

"Жалпы түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін", – дейді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол шын мәнінде жалпыұлттық жиынға айналуы керек.

"Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады. Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады", – деді ол.

Тарих тәуелсіз көзқараспен жазылуы керек

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бергенін еске алды. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдар жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Өзі де бұл жұмысқа үлес қосатынына уәде берді. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керектігін тапсырды.

Президенттің сөзіне қарағанда, тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Осылай деген Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болатынын қосты.

РЕСПУБЛИКА КҮНІ!

Бәлкім, жиында айтылған ең басты жаңалықтың бірі – Республика күні болса керек. Тоқаев ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн екенін айтып өтті.

"Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды", – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек.

"Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деп түйді бұл тақырыпты президент.

Сыналған Мұхамедиұлы

Жиында президент азаматтардың еңбегі бағалануы керектігін айтып келе жатқан. Кенет осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы орынсыз сөйлеген бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жайлы сөз қозғай кетті.

"Жаңа Қазақстанда еңбекқор ең сыйлы адам болуы тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын нағыз ардың ісі, Абай айтқан толық адамның еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет. Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. "Олар Ресейге барып, қара жұмыс істейді, біз Қазақстан азаматтары ондай жұмыс істемейміз, бақытты халықпыз" деп айтқан. Естімеген елде көп. Бірақ бұдан артық сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай кері пікірлер жастарды адастырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер барын атап өтті. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн дейді ол.

"Халқымыз "Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы" деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан "толық адамның" еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет", - дейді Тоқаев.

Ескі кадрлар мен Жаңа Қазақстан

Мемлекет басшысы сонымен қатар кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайтынын мәлім етті. Сөзінде әлеуметтік желіде "ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады" дейтін пікірден хабары бар секілді.

"Бұл орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда бізде басқаша", – деді ол.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс.

"Бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды", – деді ол.

Халықтың ашуын түсінуге болады

Тоқаев жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе дейді ол. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басқан. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр.

"Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық. Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады", – деді мемлекет басшысы.

Президент сондықтан өз жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылғанын атап өтті. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару.

"Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады", – деді ол.

Судьялыққа жастарды тартамыз

Жиында айтылған өзекті мәселенің бірі – тәуелсіз сот жүйесі. Тоқаев өз сөзінде тура биде туған жоқ деген деген сөзді келтірді. Қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыру керектігін мәлім етті.

Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді.

"Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын", – деді президент.

ҚАЗАҚ ТІЛІ! Ұстамды болайық...

Президент мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс екенін ескертті. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отырғанын атап өтті.

"Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі "APPLE" компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын "NICKEL ODEОN" телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен "NATIONAL GEOGRAPHIC" журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет", – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек дейді ол. Тіл патрульдерін жүргізетін азаматтарды қолдамайтынын айтып, қатаң сынға алды.

"Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек", – дейді Тоқаев.

Латын әліпбиі жайлы

Президент тілге байланысты тағы бір маңызды мәселені көтерді. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы.

"Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады", – дейді ол.

Тоқаевтың айтуынша, ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн.

"Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек", – деді ол.

Сөз соңында Тоқаев ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдаған азаматтарға алғысын білдірді. Құрылтай жұмысының негізгі бағдары айқындалғанын мәлім етті. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз деді ол. Жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұруға уәде берді.

Жиын аяқталар алдында Қасым-Жомарт Тоқаев ақын Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын берді. Жиынға жиналғандар қошемет жасап, алғашқы құрылтай осылай аяқталды.

Ұсыныстар көп-ақ. Жаңа институт Жаңа Қазақстанның жүгін көтере ала ма? Уақыт көрсетеді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу