Тоқаевтың тың тапсырмасы орындала бастады

8432

2,6 триллион теңге пайда әкелетін бағдарлама қабылданбақ.  

Тоқаевтың тың тапсырмасы орындала бастады

Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылында қалыптасқан тағы бір тәжірибеден бойын аулақ салмақ. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Үкіметтен "сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтатуды" талап етті. Енді оның орнына республика "барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшеді".

Бұл ретте бұрынғыдай "жұмыстың барысына" емес, ақырғы нәтижеге екпін түсіріледі. Бұл нысана-мақсаттың нені білдіретіні әзірге белгісіз.

Бірақ Үкімет мембағдарламалар орнына келетін алғашқы ұлттық жобалардың (нацпроекты) бір жобасын ел назарына ұсынды. Ол "Қазақстанда бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба" деп аталады.

Құжатты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дайындаған екен. Бес жыл ішінде оның қаншалықты орындалатыны беймәлім, бірақ ондағы көрсеткіштер мен міндет-межелер қайран қалдырады.

"Ұлттық жобаны жүзеге асырудан келетін жиынтық экономикалық тиімділік 2,6 триллионнан астам теңгені құрайды. Басты тауарларды бәсекелі биржада сатудан 1,9 триллион теңгеден астам қаражат түседі. Электр энергиясын көтерме сауда нарығында сатып алу кезінде тұтынушылардың шекті шығыстары 18 миллиард теңгеден астамға азаяды. Электр энергиясы бәсекелі орталықтандырылған саудада 350 млрд теңгеден астам сомаға өткізіледі. Жеке бәсекелес ортаға 39 миллиард теңгеден астам сомаға зертханалық зерттеулер беріледі. Мемлекеттік тапсырмалар 47 млрд теңгеден астам сомаға қысқартылады", – деп уәде етеді ведомство.

Таяуда антимонополиялық орган операторларды сынға алғаны мәлім, ол туралы Inbusiness порталы жазды. Мамандардың байламынша, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік кәсіпорындар осындай операторлық мәртебені иеленіп алған. Ал шынында операторлар біріншіден, "мемлекеттік монополияны енгізу жөніндегі рәсімдерді айналып өту үшін", екіншіден, "конкурстан тыс сатып алуды жүзеге асыру үшін", үшіншіден, "меморган функцияларының бір бөлігін соған беру үшін" құрылады. Осылайша, сатып алулардың үлкен бөлігі бір көзден, тек бір компаниядан сатып алынады.

Жаңа ұлттық жоба операторларға қысымды арттыра түспек: олардың қолынан өтетін миллиардтар күрт сұйылады: "Мемлекеттік операторлардан сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер көлемі 42 миллиард теңгеден астам сомаға қысқартылады және оларды бәсекелі тәсілмен сатып алу қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік сатып алу шеңберінде бір көзден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің көлемі 43 миллиард теңгеден астам сомаға қысқартылады: олар нарықтан бәсекелі тәсілмен сатып алынады", – делінген жобада.

Айта кету керек, бұл игіліктерге қол жеткізу үшін мемлекетке де шығындалуға тура келмек: аталған ұлттық жобаны орындау үшін 113,7 миллиард теңге бюджеттік қаражат жұмсау ұсынылып отыр.

Ұлттық жобаның басшысы ретінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігің төрағасы Серік Жұманғарин, ал кураторы ретінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов белгіленген.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылға қарай электр станциялары мен өзге де қуат өндірушілерден тікелей "көтерме тұтынушыларға" берілетін энергияның үлесі 100 пайызға жеткізілмек. Әзірше 85 пайыздайы ғана осылай жұмыс істейді. Ауыл-қалаларда электр қуат таратушы ұйымға жеткенше, қаптаған делдалдар қолынан өтеді, олар түк бітірмесе де, жолай өз үстемесін қосып, табыс табады. Салдарынан, халықтың қалтасын қағады, бизнестің дамуын шектеп, шығынын арттырып, тауарын бәсекеге қабілетсіз етеді.

Агенттіктің есептеуінше, тек осының арқасында тұтынушылардың электр қуатына деген шығыны 2022 жылы 4,3 миллиард, 2023 жылы – 4,4 млрд, 2024 жылы – 4,6 млрд, ал 2025 жылы 4,8 миллиард теңгеге азаюға тиіс.

"Қазақстан темір жолының" да үстемдігі әлсіремек: ұлттық жобада жеке теміржол жүк тасымалдаушыларының үлесі 2020 жылы небары 0,53% ғана болғаны айтылған. Биыл оны 6,20%-ға, келер жылы – 18,4%-ға, 2022 жылы – 23%-ға, 2024 жылы – 24,4%-ға, ал 2025 жылы – 31,8%-ға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр.

Құжат барлық 3 мегаполистегі және облыстық маңызы бар қалалардағы әкімдіктерге қарасты автобус парктерін жабуды қарастырады. Мысалы, 2024 жылы олардың саны 2-ге дейін жеткізіліп, 2025 жылы "0"-ге теңестірілуге тиіс.

"Олимп" және басқа да жеке зертханалар біраз жылдан бері АИТВ (ВИЧ) инфекциясын анықтау бойынша зертханалық зерттеулерді де өздеріне беруді сұрап жүр. Олар дегеніне жететінге ұқсайды. Ұлттық жобада "АИТВ-инфекциясын зерттеудің жеке зертханалар үшін қолжетімді" болатыны жоспарланыпты. Нәтижесінде, 2022 жылы жекеменшік зертханалар бұдан 4,58 миллиард теңге пайда таппақ. Әзірге бұл мемлекеттік ЖИТС-орталықтарының монополиясына жатады.

Жеке лабораториялар сондай-ақ келесі жылы пренаталдық скрининг (2-кезең) шеңберіндегі зертханалық зерттеулерден – 1,6 млрд, маммографиялық суреттерге 2-оқылым жүргізуден – 2,27 млрд, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулерден – 9,21 миллиард теңге табыс таба алады.

Бір ғажабы, ұлттық жобада жеке зертханалардың Sars-Cov-19 (коронавирус инфекциясын) ПТР әдісімен зерттеулерден 2022 жылы 22,13 миллиард теңге кіріс таба алатыны көрсетіліпті. Соған қарағанда, ПТР-тест алдағы жылы да өзекті болатынға ұқсайды.

Жалпы алғанда, ұлттық жоба біршама көлемді және ол көп салада кәсіпкерлік үшін кедергілерді жоюды көздейді. Демек, мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларға ағып жатқан ылан-ойран қаражат арнасы да тартылуы ықтимал.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу