74 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық балуан Данияр Қайсанов Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Ширек финалда қазақстандық мысырлық палуан Амр Ред Хуссенді 8: 5 есебімен жеңді. Енді Ресей спортшысы Заурбек Сидаковқа қарсы өтетін жартылай финалдық жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен шамамен 15:15-те басталады.
Ал Юсуп Батырмурзаев Токио Олимпиадасын сәтсіз бастады. Аса ауыр салмақта сынға түскен жерлесіміз бірінші айналымда германиялық Геннадий Чудиновичтен жеңілді. Юсуп Батырмурзаев 8 ұпай еншіледі. Алайда, германиялық Геннадий Чудинович қарсы әдіспен таза жеңіске жетіп, мерзімінен бұрын белдесуді аяқтады. Осылайша тағы бір спортшымыздың бүгін жолы болмады.
Сондай-ақ Татьяна Ахметова да 2020 жылғы Олимпиада ойындарында әйелдер күресінен алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ахметова 53 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда польшалық Роксана Марта Засинамен кездесіп, одан 2:3 есебімен ұтылды. Егер польшалық спортшы финалға шыққан жағдайда, Татьяна қола медаль алу мүмкіндігін сақтап қалар еді. Бірақ, Роксана да келесі қарсыласынан жеңілді. Осылайша Татьяна Ахметова үшін Токио Олимпиадасы аяқталды. Айта кетейік, Татьяна Ахметова Азияның төрт дүркін чемпионы.
Ермұхамед Мәулен