Токио-2020 Олимпиадасының тағдыры шешілуде

4268

Жапон үкіметі әлеуметтік желілердегі қауесетті жоққа шығарып, жұмбақ вирус қаупіне қарамастан Токио-2020 Ойындарын бәрібір өткізетінін мәлімдеп отыр. 

Токио-2020 Олимпиадасының тағдыры шешілуде

2020 жылғы Олимпиаданы ұйымдастырушылар әлемді шарпып жатқан коронавирус шілдеде Токиода басталатын Жазғы ойындарға "суық су құяды" деп "мейлінше алаңдап" отыр.

Соңғы күндері бірнеше іріктеу турнирлері тоқтатылды. Дегенмен Жапония премьер-министрі ғаламдық спорттық жарыстардың кестесін өзгертуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. "Коронавирусқа бола Олимпиаданы доғару мәселесі тіпті талқыланған жоқ", – дейді Токио Олимпиадасы мен Паралимпиадалық Ойындарды Ұйымдастыру Комитетінің өкілдері Американың Newsweek журналына берген сұхбатында.

Желтоқсанда Қытайдың Хубей провинциясының Ухань қаласында анықталған ажал вирусынан бүгінге дейін 1000-нан астам адам қайтыс болып, оны жұқтырғандар саны 43 мыңға жуықтап отыр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жақында осы эпидемияға байланысты әлемде төтенше жағдай жариялағаны белгілі.

Жапонияның өзінде жаңа вирус шамамен 15 адамнан табылды. Сонымен қатар, коронавирус осы елдің Йокогама портының жағалауында тұрған Princess Cruises кемесіндегі 3700 адамның 135-інен анықталып отыр. Осының бәрі Токио-2020 Олимпиадасының бас-қасында жүргендерді алаңдатпауы мүмкін емес.

Іріктеудегі өзгерістер

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Қытайда бадминтоннан олимпиадалық іріктеу турнирі кейінге қалдырылды. Мұндай шешімді Дүниежүзілік бадминтон федерациясы мен Қытай бадминтон қауымдастығы бірлесіп қабылдаған.

Әйелдер футболы бойынша олимпиадалық іріктеу сынағы Уханьда өтуге тиіс еді. Енді ол Сиднейге көшіріліп отыр. Ал, әйелдер баскетболынан квалификациялық турнир Қытайдың Фошань қаласында емес, Сербия астанасы Белградта өтті.

Сонымен қатар, бокстан олимпиадалық іріктеу кездесулері де Уханьнан Иордания астанасы Амманға ауыстырылып отыр. Бұл ойындар ақпанда емес, 3-11 наурыз күндері өтеді.

Коронавирусқа байланысты Қытайда ақпанға жоспарланған өзге де бірнеше спорттық шара наурызға қалдырылды немесе басқа  мемлекеттерге көшірілді.

"Біз инфекциялық вирус алдағы ойындардың үстіне су құяды деп мейлінше алаңдап отырмыз. Қауіпті дерт жойылады деп үміттенеміз. Оны тоқтату үшін Халықаралық Олимпиада Комитетімен, Жапония үкіметімен және Токио басшылығымен ынтымақтаса әрекет етуге ниеттіміз", – деді Токио Ойындарын ұйымдастыру комитетінің әкімшілік істер жөніндегі басшысы Тоширо Муто The Japan Times газетіне берген сұхбатында.

"Өшіреміз, не өкінеміз"

Олимпиада кезінде 11 000 спортшы қоныстанатын "Атлеттер ауылының" мэрі Сабуро Кавабучи де "инфекциялық ауру қайтсе де өліп, Паралимпиадалық және Олимпиадалық ойындар ойдағыдай өтсе екен" деп үміт білдірді.

Токио губернаторы Юркио Койке болса, "біз жаңа коронавирусты не өшіреміз, не өкінеміз", деп ескерту жасады.

"Киодо" агенттігінің хабарлауынша, премьер-министр Синдзо Абэ де Токио Олимпиадасының доғарылмайтынын және оның белгіленген уақытта өтетінін растады. Жапонияда коронавирус пневмониясына қарсы арнайы күш құрылған.

"Біз Олимпиада ойындарына әзірлікті тоқтатпау үшін тиісті шаралар қолданып жатырмыз. Анық ескерткім келеді, Халықаралық Олимпиада Комитеті мен Ұйымдастыру комитеті Токио ойындарын өткізу-өткізбеу мәселесін талқылап жатқан жоқ", – деді Абэ парламенттік комитет алдында жасаған мәлімдемесінде. Осылайша, министрлер кабинетінің жетекшісі Жазғы Ойындардың доғарылатыны туралы әлеуметтік желіде тараған қауесетті ресми түрде жоққа шығарып отыр.  

Коронавирус қаупінен адамзат қашан құтылады? Болжам әртүрлі. Кейбір зерттеулерге қарағанда, ол әлі бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал, Гонконг университеті ғалымдарының есебінше, қатерлі инфекцияның өршуі Қытайдың бес ірі қаласы – Бейжіңде, Шанхайда, Гуанчжоуда, Чуцинда сәуір-мамыр айларында шарықтау шегіне жетеді. Ал, Токио Олимпиадасы 2020 жылы 24 шілдеде салтанатты түрде ашылып, тамыздың 9-ында аяқталады. Оған арналып салынған Ұлттық Стадионның инаугурациясы желтоқсанда өтті. Ал, Ойындар алауын табыстау эстафетасы Фукусима префектурасында 26 наурызда басталуы керек.

Экономикалық үміт

Жапония соңғы сегіз жылда үш рецессиямен күресті. Солардың екіншісіне 2011 жылы елдің солтүстік-шығысын астан-кестең еткен зілзала мен цунами себепші. Үкімет Токио-2020 Олимпиадасын көп мейман тартып, жапон бизнесі мен инновациясын насихаттауға пайдалануды көздеп отыр.

Жапония биыл елге 40 миллиондай шетелдік келіп, экономикаға серпін береді деген үмітте. Алайда Бейжің коронавирус эпидемиясына байланысты сапарларды шектеді. 2019 жылы Қытайдан Күн Шығыс еліне 9,6 млн адам барған екен. Бұл – Жапонияға саяхаттаған туристердің үштен бір бөлігі.

Жапония банкінің болжамынша, Олимпиаданың өзі күніне 920 мың адамға қошемет білдіруі мүмкін. Жапондық "Твиттер" қолданушылардың кейбірінің ойынша, сол көрермендердің бірнеше миллионы қытайлықтар болуы мүмкін, сондықтан Олимпиада доғарылуы керек.

"Зика" немесе Қазақстан үміті

2016 жылы Бразилияда масалардан "Зика" деген вирус Рио Олимпиадасына жарты жыл қалғанда тарап, әлемнің 50-ден астам еліне жетіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәл қазіргідей төтенше жағдай жариялаған еді. Сол жылғы Ойындардың басталуына үш ай қалғанда, іштегі баланың кем тууына себеп болатын бұл ауруды 26 мыңдай адам жұқтырды деген күдік болды. Бірақ, Рио Олимпиадасы тамызда – Бразилияға қыс түскенде – шыбын-шіркейлердің белсенділігі төмендегенде ашылды.

Айта кетсек, былтыр қарашада Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлімдегендей, Қазақстан Токио Олимпиадасына кемінде 100 лицензия ұтып алудан үмітті. Ал, Нидерландыдағы  Gracenote Nielsen Company сараптама агенттігінің болжамынша, Қазақстан құрамасы биылғы Олимпиадада 11 медаль иеленіп, соның біреуі алтын болуы ғажап емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу