Токио 2020: Софья Берульцева жартылай финалда, велотрекші Сергей Пономарев жарысты аяқтады

1503

Жартылай финалға шыққан Софья кем дегенде қола медаль алатын болады.

Токио 2020: Софья Берульцева жартылай финалда, велотрекші Сергей Пономарев жарысты аяқтады

Каратэші Софья Берульцева Олимпиада ойындарындағы алғашқы кездесуінде тең түсті. Түркиялық Мелтем Хожаоглумен болған жекпе-жек 5: 5 есебімен аяқталды.

Екінші кездесуде Софья Берульцева италиялық Сильвия Семерароны 5: 1 есебімен жеңіп, Токио Олимпиадасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ал үшінші жекпе-жекте қазақстандық спортшы Софья Берульцева соңғы секундтарда әзербайжандық Ирина Зарецкаядан 5: 4 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Төртінші жекпе-жекте Софья жапониялық Аюми Уэкусеге 1:5 есебімен жеңілді. Дегенмен қазақстандық каратэші А тобында 2-орынға ие болып, жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда Софья Египет өкілі Ферьял Абделазизбен кездеседі. Жекпе-жек 16:20-да басталады.

Сонымен қатар ерлер арасында тағы бір каратэші Данияр Юлдашев алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Ол жекпе-жек аяқталуға 10 секунд қалғанда неміс спортшысы Йонатан Хорнені жеңіп кетті. Бірақ, екінші кездесуінде Данияр жапониялық Рютаро Арагеге 2:4 есебімен жеңіліп, өз тобында бір ұпай ғана жинады. Дегенмен Даниярдың әлі екі жекпе-жегі бар.

Ал қазақстандық велотрекші Сергей Пономарев үшін Токио олимпиадасы аяқталды. Спортшы кейриннен өнер көрсетті. Іріктеудің бірінші сайысында ол жарысты аяқтай алмады. Бірақ жұбаныш сайысына қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде Сергей  жеңімпаздан +0.124 уақыт артта қалып, үшінші орын алды. Бұл ширек финалға шығу үшін жеткіліксіз болды. Ал үздік нәтиже көрсеткен алғашқы екі спортшы келесі кезеңге өтті. Кейриннен ширек финал, жартылай финал және финалдық жарыстар 8 тамызда өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу