Токио аспанында ұшатын таксилер пайда болды

348

2028 жылы компания жолаушылар тасымалын бастамақ.

Токио аспанында ұшатын таксилер пайда болды Фото: trashbox.ru

Жапония астанасы Токио қаласында SkyDrive стартапы әзірлеген ұшып-қонатын әуе көліктерін сынақтан өткізудің демонстрациялық кезеңі басталды. Жоба Suzuki компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Азертадж агенттігіне сілтеме жасап. 

Nikkei Asian Review басылымының хабарлауынша, бес күнге созылатын көрсетілім кезеңі осы аптада аяқталады. Компания SD-05 әуе таксиінің мүмкіндіктерін таныстырады. Сынақтар девелоперлік Mitsubishi Estate компаниясы мен Kanematsu сауда үйінің қолдауымен өтті. Токио билігі аталмыш көлік түрін мегаполистегі жол қозғалысы жүктемесін ішінара азайтудың оңтайлы шешімі ретінде қарастырып отыр.

Аппарат 12 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Бұл оған биіктікте жылдам бұрылуға мүмкіндік береді. SD-05 ұшатын көлігі техникалық тұрғыдан бір пилот пен екі жолаушыға арналған. Сынақ кезіндегі ұшулар жолаушыларсыз өтті әрі қашықтан басқару режимінде жүргізілген. Алдағы уақытта бортында жолаушылары бар рейстерге, соның ішінде толықтай ұшқышсыз форматқа көшу жоспарланып отыр. 

2027 жылы тағы бір сынақ кезеңі өткізіледі, ал 2028 жылы компания жолаушылар тасымалын бастамақ.

SkyDrive компаниясының мәліметінше, 2030 жылдан кейін әуе таксиімен ұшу құны әдеттегі таксидің орташа тарифінен бірнеше есе ғана жоғары болуы мүмкін. Ал бастапқы кезеңде оның бағасы пилоты бар тікұшақты жалға алу құнымен шамалас болады. Сарапшылар әуе таксилері жол жүру уақытын 4-5 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік беретінін айтады.

Жапония қалаларында eVTOL аппараттарын пайдалану үшін арнайы алаңдар салу, сондай-ақ жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отыр. SkyDrive компаниясы өз аппараттарын жеткізуге сегіз елден 415 алдын ала тапсырыс алды. Олардың қатарында Индонезия, Вьетнам және Үндістан бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу