Токио Олимпиадасы. Елена Рыбакина жартылай финалда

1570

Қарсылас шақ келтірмеген Елена жартылай финалда да үмітімізді ақтайды деген ойдамыз.

Токио Олимпиадасы. Елена Рыбакина жартылай финалда

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Олимпиаданың ширек финалында қазақстандық теннисші әлемнің тоғызыншы нөмірлі ракеткасы испаниялық Гарбинье Мугурасамен кездесіп, жеңіске жетті. Есеп - 7:5, 6:1. Ойын бір сағат отыз төрт минутқа созылды. 

Енді жартылай финалда отандасымыз әлемнің жетінші нөмірлі теннисшісі швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі.

Ал бокстан 2019 жылғы әлем чемпионы және "алтын" медальға деген басты үміткерлердің бірі Бекзад Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Қазақстандықтың қарсыласы ресейлік Имам Хатаев болды.

Бірінші раундта ресейлік боксшы жеңіске жетсе, ал екіншісінде тек үш төреші қазақстандық боксшыға өз дауысын берді. Шешуші, үшінші, раундта да Нұрдәулетов жеңіліп қалды. Нәтижесінде жерлесіміз 1: 4 есебімен жеңіліп, (28:29, 28:29, 29:28, 27:30, 27:30) Токио Олимпиадасын аяқтады.

Сонымен қатар бүгін тас жолдағы велоспорттан жарыс жолына шыққан Қазақстан чемпионы Алексей Луценко Токио Олимпиадасында сенімді ақтамады. Қазақстандық шабандоз жарыстың қорытындысы бойынша 32-нәтиже көрсетті. Олимпиаданың алтын жүлдесін Примож Роглич (Словения) жеңіп алды. Екінші орынды Голландия өкілі Том Дюмулен иеленсе, аустралиялық Роан Денис үздік үштік қатарын толықтырды.

Айта кетейік, спорттық гимнастикадан финалға бірден үш жолдама алған Милад Карими бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 16:15-те жарыс жолына шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу