Токио Олимпиадасынан кейін бокстан ұлттық құрамада қандай өзгеріс болады?

2465

Спортшылардың жаттығуына, тамақтану рационына өзгеріс енгізіледі.  

Токио Олимпиадасынан кейін бокстан ұлттық құрамада қандай өзгеріс болады?

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы 80% өзгереді. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікке талдау жүргіземіз. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Дүбірлі дода бокстан тек 2 спортшы (Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) пен Сәкен Бибосынов (52 келіге дейінгі салмақ)) жартылай финалға шыққан. Алайда екеуі де жеңіліп, қола медальға ие болды. Осыған байланысты бокстан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы спортшылар төмен нәтиже көрсеткенін ашық айтты.

"Әр нәрсені өз атымен атау керек. Мұны сәтсіздік деп атаған дұрыс шығар. Олар өте төмен нәтиже көрсетті... Мұнда ешкім ешкімді ақтамайды. Жігіттер қолынан келгеннің бәрін жасады. Ашығын айтайын, біз бас бапкерге сендік. Алайда өзімді сүттен ақ, судан тазамын деп айтқым келмейді. Мұнда жүйелі жұмыстар жасалды, оқу-жаттығу жиыны өтті. Алайда нәтиже осындай болды. Өкінішке қарай 2 қола медаль алдық", - деді Бақтияр Артаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол боксшылардың неге төмен нәтиже көрсеткеніне талдау жүргізілетінін, нақты шешім қабылданатынын атап өтті.

"Бокстан әлем біріншілігі қазанда Сербияда өтеді. Осыған байланысты бокстан ұлттық құрамадағы спортшылардың тізімін толық өзгертіп, жақсы көрсеткіш көрсетеміз деген ойдамыз...", - деді  бокстан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы.

Оның айтуынша, спортшылардың жаттығуына өзгеріс енгізілуі мүмкін.

"Біз Кеңес үкіметінің дайындығынан әлі айырыла алмай жатырмыз. Себебі 3 мезгіл дайындықтың өзі боксшыларға ауыр тиіп жатыр. Сондықтан дайындықты өзгертеміз, бапкерлер мәселесін қараймыз. Спортшылардың тамақтану рационын да өзгертетін шығармыз", - деді Бақтияр Артаев.

Вице-президент бокстан ұлттық құраманың құрамы айтарлықтай өзгеретінін атап өтті.

"Бүгінде ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Онда барлығы орнында қалды. Алайда ұлттық құраманың Олимпиадаға барған құрамасы 80% өзгереді. Өйткені бізде резерв те, жастар да, кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Барлығымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда кәсіпқой бокста жүрген жігіттер (құрамаға – автор) келуге дайын. Мәселе тек уақыттың еншісінде... (Құрамаға – автор) шақырған спортшылар келетін болса, бокстан ұлттық құрама 70-80% ауысып, әлем біріншілігіне басқа құраммен барамыз", - деп түйіндеді сөзін мемлекеттік жаттықтырушысы.

Айта кетейік, биыл Токио Олимпиадасы 23 шілде – 8 тамыз аралығында өтті. Дүбірлі додада қазақстандық спортшылар 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға ие болды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу