Толағай Илья спорттан кетеді

2513

Атақты зілтемірші спортпен қош айтыспақшы.

Толағай Илья спорттан кетеді

Илья Ильин екі жылдық дисквалификациясынан өткен жылы қыркүйек айында шыққан еді. Оның спортқа қайта оралуы өте сәтті болды. Ішкі біріншілікте ол 102 келі салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанды. Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы оның 2008 бен 2012-дегі алтын медальдарын қайтарып алғанымен, 2005 пен 2014 жылдар аралығындағы Әлем чемпионы деген төрт дүркін атағына тиіспеді.

2018 жылғы күздегі жүлде Илья үшін әзірге жалғыз болып тұр. Одан бері қатысқан жарыстарында ол медаль жеңе алмай келеді. Тайландтағы Әлем чемпионатында ол 96 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, 13-орыннан бір-ақ шықты. Ал Дохада өткен Қатар кубогы жарысында небәрі 5-орын алды. Осындай көрсеткіштерден кейін спортшы өзінің жеке парақшасында спортпен қош айтысатынын жазды.

"Менің ішкі жан дүниемде өзгерістер бар. Мен тұғырға шығып зілтемірді көтерер кезінде өзімді бұрынғыдай сезінбеймін. Не болғанын түсінбей жүрмін. Ішімде отырған жыртқышты оята алмадым. Дохада көрсеткен нәтижем көңілімді түсіріп жіберді. Енді Өзбекстан мен Нұр-Сұлтанда екі мәрте жарысқа қатысамын. Осы екі жарыста нәтижем төмен болып, Олимпиада ойындарына бара алмайтын болсам, спорттық ғұмырымды аяқтаймын. Мені барлығы құрметтейді, жанкүйерлік етіп, қолдайды бірақ менің зілтемір көтеретін 12 талпынысым қалды. Мүмкін Олимпиададағы тағы 6 талпыныс қосылар..." деп жазады Илья Ильин.

Соңғы кездердегі допинг оқиғаларына байланысты Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы Қазақстанға Олимпиада ойындарына тек 2 ғана жолдама қалдырды. Сондықтан да, Ильяның Өзбекстандағы және Нұр-Сұлтандағы керемет көрсеткен нәтижелерінің өзі оған жолдама бермеуі де мүмкін. Ал келесі Олимпиада ойындарына дейін 4 жыл бар. Сондықтан да, Ильяның спортпен қош айтысуы күн санап жақындап келе жатқандай.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу