Төленген салық тұрғындардың мазасын қашырды

7010

Қарағанды қаласындағы бір аудан тұрғындарының салыққа төлеген қаражаты бағдарламаның қателігінен екінші ауданға ауысып кеткен.

Төленген салық тұрғындардың мазасын қашырды

Қарағандыдағы Октябрь ауданы тұрғындарының салық мәселесі төрт жылдан бері шешілмей келе жатыр. Мәселенің мәнісі сол, салық қаражатын қабылдайтын мемлекеттік бағдарламаның қателігінен Октябрь ауданы тұрғындарының төлеген салығы Қазыбек би ауданының кіріс басқармасының жүйесіне автоматты түрде ауысып кетіп жүр. Осының салдарынан адал салық төлеушілер салықты төлемейтіндердің тізіміне қосылып, кейбіріне тіпті өсімпұл да қосылып отырған. Әсіресе, кәсібін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлерден маза қашты. Мәселен осындай кәсіпкердің бірі – дүкенде шағын сауда орны бар Татьяна Луценко ай сайын салық төлеп, патентін ұзартып отырады. Оған жақында ғана алты ай бойы төлеген салықтарының басқа ауданға ауысып кеткенін мәлім еткен.

"Бүгін тіпті қатты таң қалдым. Алты ай бойы маған ешкім хабарлап, ештеңені түсіндірген жоқ, үш күннен кейін қайтадан барып білетін боламын. Бұл біздің кінәмізден кеткен қателік емес, дегенмен айыппұл немесе өсімпұл төлеттірер ме екен деп те алаңдаймын", – дейді кәсіпкер.

Октябрь ауданында алты мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркеліп, уақытылы салық төлеп отырғандығын айта кеткен жөн. Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдиннің айтуынша, қауымдастық халықты әуреге салған мәселені қарау жөнінде мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі департаментіне өтініш берген.

"Тіпті шетелге сапарлап бара жатқан кәсіпкерлерді салыққа қарызыңыз бар деген себеппен ұшақтан түсіріп алған жәйттер орын алған. Бұл жерде кәсіпкерлердің еш кінәсі жоқ, олар салығын дер кезінде төлеп отыр. Енді мемлекеттік органдағы бағдарламаның қателігінен айыппұл арқаламақшы",– деп мәлімдейді Ермек Әбілдин.

Салық органы болса олқылыққа ішкі істер министрлігі жауапты екенін айтады.

"Өкілетті органда Қарағанды қаласының аудандарына бөлетін жүйенің жоқтығы проблеманың туындауына себеп болып отыр. Салық төлеушілер Қазыбек би ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының жүйесіне автоматты түрде ауысып кетеді. Проблеманы өкілетті органдар шешіп жатыр. Бұған ішкі істер министрлігі өкілетті болып табылады", – деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы Евгений Арашкевич.

Алайда ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев бұл мәселеге министрліктің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, салық органының ақпараттық жүйесі мен әділет министрлігі базасын байланыстыру бағытында жұмыс істелмеген.

Ал Қарағанды облысының әділет департаменті бұл мәселеден ат-тонын алып қашуда.

"Әділет органы тек қана заңды тұлғаларды, филиалдардарды тіркейді, ал жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлікті тіркеу бойынша салық органдары жауап беруге тиіс", – деп әділет департаментінің бөлім басшысы Айнұр Абикеева жауабын қысқа қайырды.

Әйтсе де бүгінгі таңда бұл келеңсіздікті қаржы министрлігі шешуге кіріскен.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу