Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 15 жасар баласын өзінің орнына әзірлеп жатыр деген қауесет тарап отыр.
Солтүстіккавказдық республиканы 2007 жылдан бері басқарып келе жатқан Қадыров Мәскеуге соңғы кездері бірнеше рет сапар шекті. Бірақ ол ауруханаға барғанын жоққа шығарып келеді. Айта кетсек, кейінгі кездері бейнекадрларда Қадыровтың семіріп кеткені, сөзін анық айтпайтыны байқалады.
Шешенстан басшысы кенже баласы Адам Қадыровты қауіпсіздік қызметіндегі жоғары лауазымға тағайындай отырып, оны қызмет сатысында көтеру әрекеттерін соңғы апталарда күшейте түскендей.
Өткен аптадағы салтанатты шарада ресми өкілдер Адамды Құранды өртеді деп айыпталған сотталушыны соққыға жыққаны үшін қатты мақтады. Ал Instagram аккаунтын снайперлік винтовкаларды тексеріп жатқаны және көлікті жүйіткіте айдағаны жайлы суреттерге толтырып тастаған Адам бұл мадақтауларды күлімдеп қабылдап, аталған рәсімде алтын жалатылған тапаншасын көрсетіп қалды.
"Рамзан Ахматұлы [Қадыров] иман мен ақиқатқа жақтас лайықты ұл өсірді", – деді Қарашай-Черкес Республикасының президенті Рашид Темрезов Адам Қадыровтың төсіне "Құрмет белгісі" орденін тағып тұрып.
Бұл – Адамға қыркүйек айының соңынан бері табысталған алтыншы медаль және де сол рәсімде Адам әкесі билікке келгенге дейін иеленген қауіпсіздік қызметіндегі басшылық лауазым тізгінін қолға алды.
Қадыровтың үлкен баласы – 18 жастағы Ахмат болса, бейсенбіде Шешенстан әкімшілігінде дене шынықтыру, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрдің бірінші орынбасары ретіндегі орташа рөлге ие болды.
Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институтының пікірінше, Қадыровтың үлкен баласын "тыныш" жарнамалауы "оның басқа балаларын мақтаулары мен тағайындауларына қарама-қайшы келеді".
Қадыров – Путиннің ең маңызды аймақтық одақтасы саналады. Ол қатыгездік пен Мәскеудің мол қаражатын ұштастыра пайдаланып, Ресейдің ең бүлікшіл аймағында тәртіпсіздіктерге жол бермей тұр.
Кейбір сарапшылардың ойынша, Рамзан Қадыров Адамды көбірек, оның іні-қарындастарын азырақ көтермелеп, өзіне мұрагер әзірлеуге кіріскендей.
"Рамзан Қадыров өзінің қатты науқастанып қалу перспективасын ескеріп, отбасын қолдауды күшейтіп жатыр", – дейді Лондонның унивеситеттік колледжінің ресейлік саясат жөніндегі кафедрасының доценті Бен Ноубл.
"Қадыров болашақ туралы ойлануы керек. Өйткені сол болашақта ол болмауы мүмкін немесе биліктен кетуге мәжбүр болады", – дейді Ресей туралы мақалалардың авторы Марк Галеотти Британияның "Телефграф" газетіне берген сұхбатында.
Галеоттидің ойынша, үлкен Қадыровтың кіші ұлын фаворит ретінде таңдауы бекер емес.
"Адам "бандит" сияқты көрінеді. Сондықтан бұл таңдау таңғалдырмады", – дейді британдық журналист.
Адамның мансапта өрлеуі Құранды өртегені үшін шешен түрмесінде отырған адамды ұрғаннан кейін көп ұзамай басталды. Тамыз айында тараған шабуыл туралы видеода Адамның қорғансыздау көрінген адамға қалай соққы бергені көрсетіледі.
Ресейлік саясаткерлер бұл оқиғаны тергеуге шақырды. Бірақ оның орнына Қадыров ұлын Шешенстан мен Ислам құндылықтарын қорғағаны үшін мақтаған. Ал мұндай позиция негізінен мұсылмандар мекендейтін Солтүстік Кавказда жоғары бағаланады.
Адам алғаш рет Рамзан өзінің үш жасөспірім ұлымен, соның ішінде ортаншы баласы Элимен бірге атыс полигонында көзге түсті. Бұл туралы видеоға көп назар аударылды.
Сол кадрларда Қадыров ұлдарын Украинадағы майдан шебіне жіберіп жатқанын айтып тұрғанда, балалары гранатометтерден, автоматтарден, минометтерден оқ жаудырып жатты.
Адамның Instagram арнасы жақында біршама патриоттық сипатқа ие болып, оның жаңа қызмет бастағанын байқатып отыр.
Сол видеолардың бірінде ол дыбыс өшіргіштермен және снайперлік көзілдіріктермен жабдықталған екі "Калашников" автоматын еске алады.
"Біздің тамырымызда шешеннің қаны ағып жатыр. Біз – ешқашан өзгенің артына жасырынбайтындар қатарынанбыз", – дейді Адам Қадыров.