Төмен байытылған ураннан атом бомбасын жасау мүмкін емес

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3342

Үлбі металлургия зауытындағы уран банкі қоғамға қауіп төндірмейді.

Төмен байытылған ураннан атом бомбасын жасау мүмкін емес

Үлбі металлургия зауытының жанынан ядролық отын банкі ашылғаннан бері ел арасында "Қазақстанда атом бомбасы жасалады екен" деген сандырақ сөз желдей есті. Өсектің өртін лаулатқандар қара аспан төндіріп, қарапайым халықты қорқытып қойды.

Бірден айтайық, төмен байытылған ураннан атом бомбасын жасау мүмкін емес. Себебі Қазақстанда сақталатын ядролық отын уранмен 4,95%-ға ғана байытылған. Бұл көрсеткіш атом бомбасын жасау түгілі электр энергиясын өндіруге де жетпейді. Жаппай қырып-жою қаруын жасау үшін уранды 18-20% -ға байыту керек. Біздің елде мұны жүзеге асыратын технология да жоқ. Қазақстандағы уран банкі атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) меншігі. Сондықтан ол өз меншігіне өзі би, өзі қожа болады.

Төмен байытылған уран банкі қоғамға қауіп төндірмейді. Бұл туралы "Ұлттық ядро орталығы" РМК радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко: "Ядролық отынның қоршаған ортаға тарауы мүмкін емес. Оқыс оқиға орын алған жағдайдың өзінде оның радиациялық әсері болмайды. Өйткені бұл төмен байытылған уран. Яғни  уранның гексафториді", – деді. Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев төмен байытылған уран банкінің көлемі шағын бөлмедей ғана екенін және төмен байытылған уранды радиоактивті қалдықпен шатастырмау қажеттігін айтты.

"Қазақстан ядролық отын өндіретін ел. Алайда ол оны бейбіт мақсатта ғана қолдануды көздейді. Уран банкі атом электростанцияларында қолданылатын стратегиялық қорды сақтау үшін ғана ашылды. Мұндағы қор уран тапшылығы сезілген жағдайда ғана кәдеге жаратылады", – деді ол.

Үлбі металлургия зауытының жанынан ашылған ядролық отын банкінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Бұл жерді Ұлттық ұланның сарбаздары күзетеді.

Ядролық отын банкі Қазақстанда неше жыл жұмыс істейді және ол неге Үлбі металлургия зауытының жанынан салынды? Бірінші сұраққа келетін болсақ, ядролық отын банкінің жұмыс істеу уақытына шектеу қойылмаған. Оның жұмысы МАГАТЭ-нің бас штаб-пәтерінен қадағаланып отырады. Екінші сұраққа  Үлбі металлургия зауытында бұған дейін 1200 тонна аз байытылған уран сақталғанын, бұл жерде дайын қойма және төмен байытылған уранмен жұмыс істеу тәжірибесі бар екенін нақты жауап ретінде ұсынуға болады.

Айтпақшы Қазақстан уран банкінен табыс таппайды. Есесіне МАГАТЭ-нің тендеріне қатысуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, біздің ел уран банкін ашуға шығын шығарған жоқ. Жобаны жүзеге асыруға ядролық қауіп-қатерді азайту жөніндегі бастама қоры 50 мың доллар, еуропалық одақ 25 млн еуро бөлді. Кувейт -10 млн, Норвегия -5 млн, АҚШ-49 млн, БАӘ - 10 млн АҚШ долларын ұсынды. Ал миллиардер Уоррен Баффет 50 млн доллар берді.

Бұдан былай ядролық отын банкінде  90 тонна төмен байытылған уран  сақталады. Ал МАГАТЭ мұндағы уранды бейбіт мақсатта ғана пайдалануға береді.

МАГАТЭ төмен байытылған уранды сатып алу, жеткізу, импорттау және экспорттау шығындарын реттесе, Қазақстан уранды сақтау, электр қуаты мен жылу шығындарын өтеу және қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселесін шешіп отырады.   

"Қазақ жеріндегі қойма ядролық қауіпсіздікті сақтау үшін қажет. Өйткені МАГАТЭ-ның рұқсатынсыз банктегі уранды ешбір ел пайдалана алмайды. Дегенмен қойма әлемдегі ядролық қаруға қарсы жалғыз күресе алмасы анық. Жер бетіндегі тыныштық ядролық державалар – АҚШ, Ресей мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты", – деді Нұрсұлтан Назарбаев төмен байытылған уран банкінің ресми ашылуында сөйлеген сөзінде.

Қазақстанның Семей ядролық полигонын жапқанын және жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқанын дүниежүзінің бәрі біледі. Сондықтан әлем халқы бізде ашылған уран банкіне үмітпен қарайды.  

Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым: "Қазақстан уран қоры мен өндіруші ретінде әлем бойынша бірінші орында. Енді оны өндіру, өңдеу, сақтау технологияларын дамытса, әлемдік ойыншылармен сауда-саттық, серіктестік кеңейеді. Мысалы Қытаймен немесе Ресеймен арамызда мәселе туындайтын болса, басқа ойыншылар "бұл елмен қойын-қолтық жұмыс істейміз, байқаңдар, осы елден келетін өнімге біз тәуелдіміз" деген әңгіме қозғайды", –  деді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу