Топтық кезең мәресіне жетті

2437

Футбол жанкүйерлері ұйқыларын бұзып, жұмыстарын тастап, назарлары тек Чемпиондар лигасының осы топтық кезең ойындарында болғаны айтпаса да түсінікті.

Топтық кезең мәресіне жетті Фото: UEFA.com

Міне, енді бұл ойындар да аяқталып, көптен күткен плей-офф кезеңіне жақындап қалдық. Әрине, біреулер үшін бұл көрсеткіштер ойдағыдай шықса, енді біреулер командалары жарыстан шығып қалып, қынжылып ренжулі екендігі де түсінікті. Дегенмен, болар іс болды. Артқа қайтар жол жоқ.

Өткен түндегі ойын нәтижелері қай команда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті, ал қайсысы Еуропа лигасына түсіп қалғанын толықтай анықтап берді. Осы соңғы төрт топтағы күтпеген нәтиже Лиссабонда тіркелді десек келісетін шығарсыздар. Өйткені, ағылшын премьер лигасында сенсация жасап, чемпион атанған Лестер Сити командасы Португалияда жергілікті Порту клубынан 5-0 есебімен ойсырай ұтылады деп ешкім ойламаған болар. Оның үстіне бұл команда G тобының көшбасшысы ретінде мұндай есеппен ұтылуы таңқаларлық жайт.

Мүмкін алдын-ала плей-оффқа жолдама алып қойғаннан кейін босаңсыды ма деген ой келеді, бірақ, бұл ағылшындарға тән қасиет емес. Олар қандай да матч болмасын өз жанкүйерлері алдында жанын беріп ойнайды. Әйтпесе, фанаттары мұндайды кешіре бермейді. Лестер Сити өз алаңындағы алғашқы ойында Портуды 1-0 есебімен ұтқаны естеріңізде болар. Ол кезде соғылған жалғыз голдың авторы Слимани 25-минутта көзге түскен болатын.

Ал енді мына қарымта матчқа қысқаша тоқталсақ, ойынның 6-минутында бұрыштан көтерілген допқа бірінші жеткен Силва баспен гол соғып, есеп ашты. Таймның ортасында, яғни, 24-минутта Порту ойыншысы Корона әдемі соққысымен есепті 2-0-ге жеткізді. Үзіліске шықпай жатып 44-минутта Брахими ойын тағдырын шешіп кетті десек те болады – 3-0.

Екінші таймда сол баяғы Силва 64-минутта пенальтиден гол кіргізіп, дубль жасады. Ал 77-минутта тағы да сол Силва жақсы пасымен көзге түсті. Диогу Жота шайнап бергенді жұта салды – 5-0.

Осылайша, Порту ірі есеппен жеңіске жетіп турнир кестесінде 2-орынмен плей-оффқа жолдаманы ұтып алды. Осы топтағы Копенгаген даниялықтарды бір қуантып тастады. Олар Бельгияда жергілікті Брюггені 2-0 есебімен тізе бүктірді.

Алайда, чемпиондар лигасын әрі қарай жалғастыра алмайтын болды. Бұған себеп – тағы да сол Портудың ірі есеппен жеңісі. Копенгаген Портудың жеңіліп қалғанын күткен еді, бірақ, олардың ойы іске аспады. Сөйтіп даниялық клуб Еуропа лигасына кетуге мәжбүр болды.

Н тобы:

ЮВЕНТУС (2-0) ДИНАМО ЗГ

ЛИОН (0-0) СЕВИЛЬЯ

G тобы:

ПОРТУ (5-0) ЛЕСТЕР

БРЮГГЕ (0-2) КОПЕНГАГЕН

F тобы:

ЛЕГИЯ (1-0) СПОРТИНГ

РЕАЛ (2-2) БОРУССИЯ Д

Е тобы:

ТОТТЕНХЭМ (3-1) ЦСКА

БАЙЕР (3-0) МОНАКО

Ағылшынның Тотенхэмі Мәскеудің ЦСКА-сын өз алаңында 3-1 есебімен жеңгенімен плей-оффқа жолдамадан айырылып қалды. Бұл топтан Монако бірінші, немістің Байері екінші орынмен келесі раундқа өтіп отыр. Ал Тоттенхэм өз өнерін енді Еуропа лигасында көрсетеді.

Дортмундық Борруссия мен корольдік клуб Реал тең тарқасты 2-2. Обамеянг пен Ройстың соққан голдарына Бензема дубльмен жауап берді. Бірақ, керісінше айтқан дұрыс шығар, өйткені, Реал 2-0 есебімен жеңіп тұрған болатын. Осы топтағы Польшаның Легия клубын да құттықтап өткен дұрыс болар, олар Спортингті айналып өтіп, Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу