Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында 63,5 келі салмақта қос қазақстандық боксшы алтын жүлдені сарапқа салды.
Яғни, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Ертуған Зейнуллиновтың жолдары финалдық бәсекеде түйісті. Қос боксшы арасындағы айқас Ертуғанның жеңісімен аяқталып, Базарбайұлы күміс жүлдегер атанды.
Ал 67 келі салмақта тағы бір отандасыымыз Төрехан Сабырхан да ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Ол финалда әзербайжандық Заур Гахраманов кездесті. Нәтижесінде, Төрехан төрешілер шешімімен жеңімпаз деп танылды.
Осы орайда айта кетейік, Төрехан Сабырхан – ел тарихындағы ең жас "Странджа" турнирінің чемпионы. 19 жасқа енді ғана толып, ересектер арасындағы алғашқы халықаралық турниріне қатысқан Төрехан Сабырхан қарсылас шақ келтірмей, алтын медальді жеңіп алды.
Сондай-ақ, ерлер арасында 60 келі салмақта тағы бір қазақстандық боксшы Серік Теміржанов күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол финалда жергілікті боксшы Радослав Росеновтан айласын асыра алған жоқ.