Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аяқталды. "Қайрат" өз алаңында "Тобылды" қабылдап, 2:2 есебімен тең тарқасса, Шымкентте "Ордабасы" "Ақтөбе" арасындағы матч жеңімпазды анықтай алған жоқ, есеп – 1:1, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Турдың орталық ойыны саналған "Ордабасы" – "Ақтөбе" матчы драмаға толы болды. Бітіспес қарсылас саналып кеткен командалар ойын бастала салысымен кезек-кезек шабуылға ден қойған. Осындай шабуылдардың бірінде қонақтар сапынан Севальос көзге түсіп (13-минут), "Ақтөбені" алға шығарды.
Есепті теңестіруге ұмтылған "Ордабасы" өткір шабуылдар ұйымдастырды. Осындай екі сәтте доп "Ақтөбе" ойыншыларының қолына тисе де, төреші мұны есепке алған жоқ, яғни екеуінде де пенальти белгілемеді. Жергілікті жанкүйерлер мен блогерлер болса әлеуметтік желіде ақтөбелік командаға төреші жақтасты деп жазуда. Ал, шымкенттік клуб басшылары бұл жағдайға қатысты шағым түсіре ме, жоқ па – ол алдағы уақытта белгілі болады.
Екінші таймда "Ордабасы" шабуылдарының бірі бәрібір нәтижесін берді. Қапталдан көтерілген допқа бірінші жеткен Шахбоз Умаров қақпаға дәл теуіп, есепті теңестірді.
Мұнан кейін командалар қарымта шабуылдармен алмасқанымен, есепті өзгерте алмады.