Төрешілер тәлім алды

1800

Түркияның Анталия қаласында бас төрешілер мен олардың көмекшілеріне арналған маусым қарсаңындағы оқу-жаттығу жиыны басталды.

Төрешілер тәлім алды

Жиынның мақсаты мен міндеті – төрешілердің функционалдық және физикалық дайындығын анықтау, кәсіби дайындықтың деңгейін арттыру, сонымен қатар теория мен әдістеме саласында білімді жетілдіру. Он күнге созылатын дайындық Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер корпусының басшысы Хуан Антонио Мариннің жетекшілігімен өтіп жатыр. Сонымен қатар төрешілікті дамыту мақсатында тәжірибелі маман, УЕФА нұсқаушысы Леонид Калошин шақырылған. 

Оқу-жаттығу жиынына 2022 жылы OLIMPBEТ-Қазақстан чемпионатында қызмет атқарған 25 бас төреші мен 28 көмекші, сонымен қатар өткен маусымда Бірінші лигада жұмыс істеген 8 үздік төреші шақырылды. Жиын барысында ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов отандық футбол төрешілерімен кездесіп, Төрешілер корпусы үшін УЕФА Конвенциясына сәйкес барлық ережелердің толық орындалуын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін атап өтті. 

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда төрешілік және оны қадағалауды дамыту концепциясын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бағдарлама төрешілердің мәртебесін арттыруға және олардың дайындығын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар аймақтық футбол федерацияларымен бірге жас төрешілерді дамытуға ерекше назар аударылмақ. 

Оқу-жаттығу жиыны 21 ақпанға дейін созылады. Оның қатысушылары жасыл алаңда жаттығу жүргізіп, теориялық сабақтар мен даулы эпизодтарды талдайды. Сонымен қатар жолдастық ойындарға төрелік етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу