Төрт шендіге үй салуға 126 миллион шығындалмақ

2583

Өңірде мемлекеттік қызметкерлер үшін тұрғызылатын үй құны Нұр-Сұлтандағы коттеджден қымбат.

Төрт шендіге үй салуға 126 миллион шығындалмақ

Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы облысының Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында мемлекеттік қызметшілерге арналған төрт тұрғын үй құрылысына тендер жарияланды. Оларға жергілікті Райымбек аудандық құрылыс бөлімі тапсырыс беріп отыр.

Төрт үйдің құрылысымен айналысатын компанияның қолына 126 миллион 55 мың теңге тимек. Демек, ауылдағы бір ғана үйдің құны 31 миллион 513,7 мың теңге шамасында. Бұл сома жергілікті қазына үшін ауыр жүктеме болса керек. Себебі, әкімдік тендерді ұтып алған компанияға соманы бірден емес, бөліп-бөліп төлейтінін ескертеді. Алдымен 76 миллионнан асатын бірінші траншы бағытталады. Кейіннен 50 миллиондай екінші бөлігі беріледі.

Бір қызығы сол, олар көп қабатты коттедждер емес. Техникалық сипаттамасында ғимараттардың бір қабатты болатыны көрсетілген. Әрқайсысының ауданы 124,16 шаршы метрді құрамақ. Үш үйге 1 мың 25 шаршы метр жер телімі бөлінген. Ал төртіншісінің ауласы тіпті кең – жер учаскесі 2 мың 500 шаршы метрге созылып жатпақ. Аумағына шағын парк сиып кететіндей.

Бұл ретте сарапшылар осы жер ауданында бой көтеретін үйлердің ауданы бірдей – 124 шаршы метр екенін еске салады. Алайда ғимаратар ауласының көгалдану аймағы бойынша ерекшеленеді. Атап айтқанда, үйлердің үшеуінің тек шамамен 628 шаршы метріне өсімдік егіледі. Ал төртінші үйдің 2 мың 39,35 шаршы метрі жасыл желекке бөленеді деп жобалануда. Құжатында үйлердің шатыры "шоколад түсті" металл жабынды болуға тиістігі айтылған. Есіктері болаттан жасалмақ. Бұл хабарландыру бойынша үйлердің құрылысын салуға үміттілерден 20 күндей мерзім ішінде 6 қыркүйекке дейін ғана өтініш қабылданған. Тендерге бес компания қатысқаны мәлім болды. Қазіргі кезде келіп түскен өтінімдер қаралуда. Үйлер бір-бірінің жанында, нақтылай кеткенде, Нарынқол ауылындығы Айдаралиев көшесі бойында қатарласа тұруы керек. 

"Шынында да, мол қаржы салынып жатыр екен. Әйтпесе, елорданың өзінде, мысалы, Есіл ауданында шамамен 140 шаршы метрлік, 2 қабатты, биыл ғана салынып біткен жеке коттеджге 29 миллион сұрап отырмыз. Егер "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі" арқылы алса, мемлекеттік қызметшілер Нұр-Сұлтанның өзінде үш-төрт бөлмелі пәтерді 10-12 миллион теңгеге иелене алады. Бұл бас қала ғой. Ал ауылда бір үй үшін отыз миллион сұрау – қымбат",– дейді риэлтор Айдын Елемесов.

Қызметтік үй сатып алу үшін бюджет қаржысын негізсіз шашуға қатысты жанжалды оқиғалар бұрын да бүкіл Қазақстан бойынша дүркіреген. Мәселен, 2018 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданының әкімі өзіне 35 миллион теңгеге үй сатып алуды жоспарлаған. Атырау әкімдігі де қымбат апартаменттерді 57 миллион теңгеге иеленбек болды. Бірақ қоғамның теріс пікірі туындап, шенеуніктер ол ойларынан бас тартты.

Бұған үн қосқан мәжіліс депутаттары үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, бастықтарға 15-25 миллион теңгеден жоғары тұратын үйлерді алуға тыйым салуды ұсынды. Сол кездегі премьер Бақытжан Сағынтаев бұл ұсынысты құптады. Бірақ тиісті рәсімделмегені қазір анықталып отыр. Өйткені оның Үкіметі отставкаға кеткелі бұл түйткіл қайта бас көтеруде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу