Төрт жеңіс, бір жеңіліс

2900

Минскіде өткен бокс кешіне қатысқан қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің төртеуі жеңіске жетсе, бір боксшымыз қарсыласына жол берді.

Төрт жеңіс, бір жеңіліс

26-шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де Беларусия астанасы Минскіде қазақстандық боксшылар шаршы алаңға шықты. Олардың арасында Бек Нұрмағанбет және Евгений Павлов үшін бұл кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесу болды. Жалпы кешке қатысқан  алты боксшының бесеуі қазақстандықтар. Рингке аса жеңіл салмақ бойынша алғашқы болып Евгений Павлов шықты. Ол Патрик Хорватқа қарсы кездесу өткізді. Венгриялық боксшының кәсіпқой рингтегі тәжірибесі 50/50. Осыған дейін екі жекпе-жек өткізіп, бір рет жеңіске жетіп, бір кездесуде қарсыласына жол берген. Ал Павловқа қарсы өткізген кездесуінде ол алғашқы екі раундта төрт рет нокдаунға түсті. Төрешілер жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, нәтижесінде жерлесіміз жеңіске жетті.

Ал екінші жекпе-жекте жартылай орта салмақ бойынша Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет тағы бір венгр боксшысы Тамаш Ласкаға қарсы өткізді. Павловтың қарсыласымен салыстырғанда ол тәжірибелі. Тамаш осы күнге дейін 19 мәрте жеңіске жетіп, 21 рет жеңіліс тапқан. Бір кездесуді тең нәтижемен аяқтап, 9 жеңісінде қарсыласын нокаутқа жіберген. Бірақ бұл жолы венгр боксшысы Бекке 1-раундта қарсы тұра алмады. Себебі ол алғашқы раундтың өзінде-ақ нокаудқа түсіп, төреші кездесуді тоқтатты.

Үшінші кездесу ауыр салмақта, 111 келі Нұрсұлтан Аманжолов салмағы 129 келі болатын босниялық Дражан Джананинге қарсы рингке шықты. Жалпы екі боксшы арасындағы кездесу алты раундқа есептелген еді. Алайда босниялық боксшы екінші раундтан кейін нокдаунға түсіп, Аманжолов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Төртінші жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін сәтсіз аяқталды. Минскідегі бокс кешінде төртінші болып шаршы алаңға шыққан Нұрсұлтан Жаңабаев қарсыласына жеңілді. Ол 66,6 келіге дейінгі орта салмақта француз Сэнди Месаудпен кездесіп, өзінің BA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific атақтарын қорғай алмады. Оған қоса кездесу мерзімінен бұрын, жетінші раунда аяқталып, француз боксшысы қазақстандықты нокаутқа жіберді. Бұл Нұрсұлтан үшін кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңіліс. Ол осы уақытқа дейін сегіз жекпе-жек өткізіп, оның бесеуін мерзімінен бұрын аяқтаған еді.

Айдос Ербосынұлы мен нигериялық Нуху Лаваль арсындағы кездесу он раундқа есептеліп, боксшылар соңғы раундқа дейін жұдырықтасты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осылайша Айдос Ербосынұлы WBO Global, WBC Asia және WBA International титулдарын қорғап қалды. Бұл оның спорттық мансабындағы он төртінші жеңісі және оның 10 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Осылайша қазақстандық былғары қолғап шеберлері Минскіде өткен бокс кешінде сәтті өнер көрсетті. Енді 15-тамызда Сочиде өтуі тиіс турнирге қазақстандық боксшылардан Фируза Шарипова қатысатын болды. Бұл туралы Сочидің бокс федерациясының президенті Илья Варов хабарлады.

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу