Төрткүл дүниедегі миллиардерлердің саны өсті

302

Дүние жүзінде 2 545 ер және 374 әйел миллиардер бар. 

Төрткүл дүниедегі миллиардерлердің саны өсті Фото: canva

2025 жылы әлемдегі миллиардерлердің жалпы саны рекорд жаңартты. Бұл технологиялық компаниялар мен қор нарықтарындағы күрт өсімнің әсерінен болғанын The Wall Street Journal газеті UBS швейцариялық банкінің зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазір 2 919 миллиардердің жалпы байлығы 15,8 триллион долларға бағаланып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда әлемдегі миллиардерлер саны 8,8 пайызға артты.

Биыл әлемде тағы 287 жаңа миллиардер пайда болды. Бұл – 2015 жылдан бері UBS бақылау жүргізіп келе жатқан кезеңдегі екінші ең үлкен өсім. Жаңа миллиардерлердің қатарында өз бизнесінен табыс тапқандар да, мұрагерлік арқылы байығандар да бар.

Мәселен, 2025 жылы өз еңбегімен табысқа жеткен жаңа миллиардерлердің саны 196 адам. Олардың байлығы 386,5 млрд долларды құрайды. Ал 91 кәсіпкер 297,8 млрд долларды мұрагерлік арқылы алған. Олардың ішінде Германиядағы екі ірі фармацевтикалық әулеттен шыққан 15 адам бар. 

Аймақтық тұрғыда Америка елдері көш бастап тұр. Бұл өңірдегі миллиардерлердің жалпы байлығы 15,5 пайызға артып, 7,5 триллион долларға жеткен. Азия-Тынық мұхиты аймағында миллиардерлер капиталы 11,1 пайызға өсіп, 4,2 триллион доллар болған. Ал Еуропа, Таяу Шығыс және Африкада байлық көлемі 10,4 пайызға артып, 4,1 триллион долларға жеткен.

Дүние жүзінде 2 545 ер және 374 әйел миллиардер бар. UBS швейцариялық банкінің зерттеуіне сәйкес, оларды алдағы жылы кедендік шектеулер, ірі геосаяси қақтығыстар және саяси тұрақсыздық алаңдатуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу