Төртжылдықтың басты додасы биыл өтпейтін болды

2100

Халықаралық Олимпиада комитеті мен Токио-2020 Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті төртжылдықтың басты додасын кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. 

Төртжылдықтың басты додасы биыл өтпейтін болды

Коронавирус пандемиясы соңғы 30 күн ішінде спортқа да өз әсерін тигізбей қоймады. Биыл 24-шілдеге жоспарланған Әлемнің ең басты спорттық додасы – Олимпиада ойындары кейінге шегерілді. Ірі халықаралық турнирлердің, мысалы хоккейден Әлем чемпионатының өткізілмеуі, футболдан Еуро-2020, сондай-ақ Чемпиондар лигасы мен Еуропа Лигасының финалдық ойындарының қашан өтетіні де белгісіз.

Қазіргі таңдағы жағдайға байланысты Олимпиада ойындарының кейінге шегерілуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Олимпиадаға іріктеу әлі толықтай аяқталған жоқ. Спортшылардың басын қосып, іріктеу турнирлері қай жерде өткізіледі деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Осыған байланысты олимпиаданы бұған дейін іріктеліп алынған атлеттермен ғана немесе қосымша талаптар қойып, сол талаптарға сай келетін спортшыларды таңдау арқылы өткізу керек .

Екіншіден, спортшылар да адамдар. Олардың көбі өз елдерінде, карантинде үйлерінде отыр. Ал, үй жағдайында төртжылдықтың басты додасына дайындық жасау мүлде ақылға сыймайды.

Үшіншіден, Токио шілде айында Олимпиадаға келген атлеттер мен жанкүйерлердің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма, жоқ па, белгісіз. Осы аптаның басында Халықаралық Олимпиада комитеті ойындарды кейінге қалдыру туралы түпкілікті шешім қабылдап, коронавирусқа байланысты әлемдегі жағдайды зерттеу үшін тағы бір ай уақыт беруді сұраған болатын. Сонымен қатар іріктеуден өтіп, жолдама алған спортшылардың Ұлттық олимпиада комитеттері атлеттердің дайындығы мен жазда олардың олимпиадаға қатыса алатынына кепілдік бере алмайтынын алға тартты. Ал, Токио-2020 ұйымдастыру комитеті ойындарды кейінге қалдыру керек деген пікірді қолдады. Сондықтан осы екі жағдайға байланысты Халықаралық олимпиада комитеті Токио-2020 олимпиадасын кейінге қалдыру жайлы жедел шешім қабылдады.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "алаңдатарлық" көрсеткіші де өз әсерін тигізбей қоймады. Таяуда ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирустың жер шарына өте жылдам қарқынмен таралып жатқанын айтты. ХОК-нің ресми сайтының хабарлауы бойынша Томас Бах пен Синдзо Абэ сейсенбі күні телефон арқылы бейнеконференция өткізіп, коронавирус пандемиясына байланысты Токио-2020 олимпиадасын ресми түрде кейінге қалдыру жайлы нақты шешім шығарды. "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазіргі таңдағы жағдайға байланысты берілген нақты ақпараттарына сүйене отырып Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах пен Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ екеуі 2020-жылы жазда Токиода өтуі тиіс олимпиада ойындарының кейінге шегерілетінін, бірақ, 2021-жылы жаздан қалмай ұйымдастыру қажет екенін айтты", - деген ақпарат ХОК- нің ресми сайтында жарияланды. – Бұл спортшылардың, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен жанкүйерлердің  денсаулығын сақтау мақсатында шағарылған шешім".

Бах спорттық басты доданың енді қашан өтетінін ұйымдастыру комитетенің шешетінін айтты. ХОК ұйымдастырушылардың жарысқа дайындық барысын қадағалап отырады. Ал, Nikkei Asian Review ақпарат көзінің хабарлауы бойынша Олимпиада ойындарының шегерілуі салдарынан Жапония экономикасы зардап шегіп, шамамен 700 миллиард иен (6,32 миллиард доллар) жоғалтуы мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу