Төтенше жағдай – тың мүмкіндік
Бұрын онлайн дегенде әлеуметтік желі ғана еске түсетін. Қазір оның аясының өте ауқымды екеніне көзіміз жетті. Көзімізді жеткізген соңғы жылдары жиі айтылып, кеңінен қолданылып жүрген онлайн оқу, онлайн курс, онлайн кездесу, онлайн ойын, онлайн жұмыс және т.б.
Онлайн режимі кез келген салаға кірігіп кетті. Әсіресе, дәл қазіргідей төтенше жағдайда онлайн режим күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, елдегі қазіргі жағдай әлемде әлдеқашан дамып кеткен онлайн дүниелерді біздің елде барынша кеңінен қолдануға жол ашып отыр. Сынап көруге мүмкіндік туып тұр. Қиындықтан мүмкіндік іздеуді жөн көрсек, осыған көңіл бөлген дұрыс-ау.
Мәселен, дәл қазіргі жағдайда Қазақстанда онлайн-рекрутинг нарығын одан әрі дамытып, жаңа деңгейге көтеріп алуға болады. Себебі, әлем елдері онлайн-рекрутингке әлдеқашан мойын бұрған. McKinsey институты соңғы болжамдарының бірінде 2025 жылға қарай әлемдегі 500 миллионнан астам адамның жұмысты интернет арқылы іздейтінін жазды. Ал J’Son & Partners компаниясы іргемізде орналасқан Ресейдегі онлайн-рекрутинг нарығының 2018 жылы 28 пайызға өсіп, 10,3 млрд рубльді құрағанын, сондай-ақ, бұл көрсеткіштің 2022 жылға қарай екі есе ұлғаятынын хабарлады. Ресейге жеткен дүниенің көп уақыт өтпей Қазақстанның есігін қағып тұратын әдеті бар. Демек, онлайн-рекрутинг біздің елде де қанат жайып келеді деп айтуға болады.
Күзетші мен күтуші де қызметті интернеттен іздейді
Қазақстандағы онлайн-рекрутингтің бүгіні мен болашағы қандай? Бұл сұраққа дендемес бұрын рекрутинг және онлайн-рекрутинг сөздерінің мәнін ашып алайық.
Рекрутинг – қызметкерлерді іріктеу. Бұл – кадрлар бөлімінің, қазіргі тілмен сабақтасақ, HR-менеджерлердің негізгі функцияларының біріне жататын бизнес-процесс. Қызметкер іздеушіге үміткерлер ұсынатын кадрлық агенттіктер мен арнайы интернет-сайттардың негізгі қызметі де осыған жатады.
Біздің елде жұмыс іздеудің дәстүрлі процесі "тұғырынан" түспей тұр. Кәсіпорын бос жұмыс орны туралы хабарлама жариялайды. Үміткерлерден кадрлар бөліміне түйіндемелер келіп түседі. Ондаған адамның ішінен лайықтысы таңдалып алынады. Дәстүрлі процесс деп отырғанымыз осы әдіс. Десе де, қазір онлайн-рекрутинг қанат жая бастады. Бұл сөзімізге қатары жыл санап көбейіп келе жатқан кадрлық агенттіктер дәлел бола алады.
"Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі қарқынды өсіп келе жатқан нарықтардың бірі – онлайн-рекрутинг. Бұл интернеттің біздің өмірімізге қаншалықты терең еніп кеткенін көрсетеді. Бұған дейін интернет тек топ-менеджмент, ІТ-технология өкілдеріне ғана арналған деген түсінік болды. Көбіміз солай ойлап келдік. Қазір жүкші, кассир, сатушы, еден жуушы секілді мамандықтардың бәрін онлайн режимде іздейді", – дейді ресейлік "Антирабство" жобасының негізін қалаушы Алена Владимирская.
"Қолы алтын" қызметкерлер көп
Рекрутинг ұғымы Қазақстанда 1990 жылдардың соңына қарай қолданыла бастаған. Біздің елдегі Check point, KCARA, JIB Express секілді алғашқы кадрлық агенттіктер 1995-1996 жылдары ашылған. Осылайша, Қазақстанға бизнестің рекрутинг деген жаңа түрі келе бастады. JIB Express кадрлық агенттігінің бас директоры Гүлзара Әділова 2000 жылдардың басында Қазақстандағы рекрутингтің пайда болуына негізінен үш фактор әсер еткенін жазыпты.
"Бірінші фактор – Қазақстанға мультиұлттық компаниялардың келуі. Мұндай компаниялар үшін рекрутинг қалыпты дүние. Екінші фактор – біздің елдің бизнес саласын түрлі тренингтерге қатысып, өз бетінше білім алған, жоғары сапалы қызмет ұсынуға дайын энтузиастардың дамытуы. Яғни, рекрутингтің қаншалықты маңызды дүние екенін білетін жандардың төбе көрсетуі. Үшінші және ең маңызды фактор – Қазақстанда компанияларға табыс пен жетістік әкеле алатын мамандардың барлығы. Компаниялар мұндай "қолы алтын" қызметкерлерге қомақты қаржы төлеуге дайын", – деп жазады Гүлзара Әділова.
Рекрутинг қызметі әу баста Алматы қаласында қолға алынып, жолға қойылғанын атап өткен жөн. Кейін бұл қатарға ел астанасы мен Қазақстанның батыс өңірлері қосылды.
Батыс өңірде рекрутинг жақсы дамыған
Қазақстан Республикасы HR-менеджерлер қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Гүлмира Раисованың айтуынша, рекрутинг еліміздің жеке секторында жақсы дамыған. Әсіресе, бұл қызметті трансұлттық компаниялар көптеп шоғырланған елдер көп қолданады.
"Рекрутингтік ұйымдардың жұмысы Қазақстанның батыс аймағында дұрыс жолға қойылған. Олар мұнай-газ секторына қажетті мамандарды іріктеп, ұсынады. Алматыда да рекрутингтік ұйымдардың қызметіне сұраныс жоғары. Тек, еліміздің солтүстік өңірлерінде бұл тәжірибе аса қолданылмай келеді", – дейді Гүлмира Раисова.
Оның сөзінше, мұндай ұйымдарға сенімсіздік танытудың реті жоқ.
"Рекрутингтік ұйымдар бизнестің белгілі бір саласына маманданған. Олар HR-менеджерлердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Әйтпесе, кадр бөліміндегі қызметкерлердің атқаратын жұмысы өте көп. Мәселен, олар кадр іріктеуден бөлек, оқыту, мотивация, жалақы төлеу және тағы да басқа міндеттерді атқарады. Білікті жұмысшының кандитурасын қарастыруға 8 сағаттық жұмыстың бір сағатын зорға арнауы мүмкін. Сондықтан, рекрутингтің тиімділігі көп. Біріншіден, маман іздеуде уақыт үнемделеді. Екіншіден, білікті кадрды қиналмай һәм жаңылыспай табуға болады", – дейді Гүлмира Раисова.
Цифрландыру еңбек нарығын түбегейлі өзгертті
"АНКОР" холдингінің бас директоры Сергей Саликовтың айтуынша, еңбек нарығын өзгертуге әсер ететінің маңызды фактордың бірі – цифрландыру. Себебі, адамдар электронды процестер жұмысты жеңілдетеді деп есептейді.
"Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға келіп жатқан шетелдік компаниялар өте көп. Оларға батыстың білімін, таным-түсінігін жақсы меңгерген басқарушылар керек. Шетелдік компаниялар мұндай мамандарды жергілікті жерден іздейді. Себебі, олар жергілікті нарықты, халықты жақсы біледі. Бұл ретте, Қазақстандағы менеджменттің деңгейі әлдеқайда жоғары екенін атап өткен жөн. Сондықтан, алдағы уақытта қазақстандық менеджерлер мен жоғары деңгейлі мамандарға деген ұсыныстар көбеяді", – дейді Сергей Саликов.
Фархат Әміренов