Төтенше жағдайдағы интернетсіз ауылдар

 Электр бағандары арқылы ауылдарға интернет тартуға не кедергі? 

Төтенше жағдайдағы интернетсіз ауылдар

"Көктем кімнің қай жерге не "көмгенін" көрсетеді". Осы бір орыс мәтелін карантин кезеңіндегі "Цифрлы Қазақстанның" жағдайына қаратып айтуға болатын сияқты.  Ұялы байланысы жоқ ауылдар, интернеті баяу мекемелер өткеннің еншісінде қалмаған екен. Жалпақ жұртқа бұрыннан белгілі бұл жайтты ақыры осы іске жауапты министрлік те мойындап, халыққа кеңжолақты ғаламтор тартудың жаңа жобасын ұсынып жатыр. Ұсынылған бағдарлама алдыңғысының аяғын құшпау үшін қандай шаралар қабылданып, не ескерілуі керек?   ATAMEKEN BUSINES арнасының тікелей эфирінде осы мәселеге арналған телемарафон өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен байланысқа шыққан шағын интернет операторлары жұмыс барысында жиі кездесетін кедергілерді атап, оларды шешудің жолдарын көрсетуге тырысты.

Бір сағатқа созылған эфирден ұққанымыз, "Цифрлы Қазақстанның" сиқырын толықтай сезінуімізге саладағы монополистер көлденең кедергі болып отырған көрінеді. 

"Балқаш – электронды қала" ЖШС-нің техникалық директоры Николай Сафиуллиннің айтуынша, "Қазақтелеком" компаниясының тәсілімен интернет сымын жерге көміп төсеу өте шығыны мол шаруа. Оған қаражат тапқан күннің өзінде шағын операторлардың салған инвестицияны ақтауына 100 жылдың өзі жетпеуі мүмкін. Сондықтан  қолданыстағы электр және байланыс бағандарына сым ілу арқылы интернетпен қамтамасыз етуді заңдастыру қажет. 

"Біз Балқаштың радиусындағы 10 елдімекенді интернетке қостық. Ең алысы 150 шақырымда жатыр. Оған мемлекеттен қолдау болған жоқ. Өз күшімізбен тарттық. Ірі компанияларға мұндай шағын елдімекендерге интернет тарту тиімсіз. Сондықтан шалғай ауылдар мен шағын мекендер интернетттен мақрұм қалып жатыр. Мысалы, біз 5 үйі ғана бар елдімекенге интернет жеткіздік. Ал ондай шағын ауылдарға ірі компаниялар аяқ басқысы келмейді", - деген кәсіпкер қолда бар инфрақұрылымды ел игілігіне пайдалануға заңның шалалығы кедергі  деген пікір білдірді.

Заң кімнің сойылын соғады?

"Елімізде барлық елдімекенге электр желісі жеткен. Ол желі уақтылы жаңартылып отырады. Осы инфрақұрылымды интернет тартуға қаңқа ретінде пайдалануға болады. Оптикалық талшық дегеніміз жарықтың көмегімен ақпарат жеткізетін шыныдан жасалған сым ғой. Қазіргі таңда ақпаратты жылдам берудің жалғыз тәсілі осы болып отыр. Ал радиоканалдар мен табақтар, 4G, 5G интернет дегендер қосымша дамытқыштар ғана. Мақтаулы 5G-дің өзі осы талшықсыз жұмыс істей алмайды. Біздің елде құрылыс нормалары мен ережелеріне қатысты құқықтық-нормативтік база толық қалыптаспаған. Сондықтан оптикалық талшықтарды электр бағандарына ілу заңсыз әрекет болып саналады. Мемлекет ең бірінші осыны заңдастыратындай нормативтік база дайындап, бекітіп берсе екен", – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзіне сенсек, қазіргі заңнама саладағы монополистердің мемлекет есебінен инфрақұрылым тартып, кейін оны меншіктеу арқылы табыстың астына қалуына ыңғайлы етіп жасалған. 

"Мысалы "Қазақтелеком" талшық желісін тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында қаражат алуға ұмтылады. Олар өз нормалары бойынша желіні жердің асты арқылы ғана жүргізе алады. Мемлекет есебінен тартылған желіні одан кейін "Қазақтелеком" өз меншігіне алады. Бұл сенімді болғанымен, өте көп уақыт талап ететін қымбат тәсіл. Мұндай жолмен интернет тартып болғанша 5000 ауылдың халқы қалаға көшіп бітетін шығар. Бұрын ауылдар саны 6800 болса, көшіп-көшіп бес мыңдайы ғана қалды. Біздегі электр желісінің басым бөлігі мемлекет меншігінде. Солар арқылы оптикалық талшық жүргізетін мемлекеттік ұйым құру керек. Ол ұйым ақша табумен айналыспауы керек. Егер магистарльдер арасына осы жолмен интернет тартылса, ауылдар ішіне интернет тартатын ұсақ операторлар көптеп пайда бола кетер еді", -–деді маман.

Ол сондай-ақ,  "Транстелеком" мен "Қазақтелеком" сияқты сала алпауыттары ұсақ операторларды өздеріне бәсекелес көріп, тынысын тарылту үшін түрлі стандарттық тосқауылдар қойып отырғанын, сол арқылы дистрибютерлік қағидатын бұзып отырғанын айтты. Ең сорақысы, аталмыш монополистер мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында мемлекеттің қолдауымен тартылған магистральдік желілерге ұсақ операторларды жолатпай отырса керек.

Интернет түгіл, ұялы байланысқа зар

Эфир барысында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев та сөз алып, ұйымның ұстанымын жеткізді.

"Былтыр осы мәселе бойынша  ауыл-ауылды аралап, сауалнама-скрининг жүргізген болатынбыз. 6500 ауылдың  тең жартысында интернет әлсіз немесе мүлде жоқ. Ауылдардың 25 пайызында ұялы байланыс нашар немесе жоқ. Қазақстанда 100-ден астам ұсақ оператор бар. Ірі операторлар бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға талшық тартады. Ал қазір қаланы қойып, ауылдың тіршілігін де интернетсіз елестету мүмкін емес. Фермерге түрлі салық декларациясы мен есептер өткізу қажет. Мемлекет көрсететін қызметтің 80 %-ы электронды жүйеге ауысты. Ауыл халқы интернеттің жоқтығынан осы игіліктерден қағылып отыр. Сондықтан халыққа интернет тартуға ұсақ операторларды араластыруымыз керек. Ал ірі операторлар өздері іске қосқан магистральдік желіге ұсақ операторларды жіберуі керек. Жалпы, магистраль тарту, ауыл ішінде талшық төсеудің бірыңғай тәртібі жоқ. Орталық мемлекеттік органдар осыны қолға алмаса болмайды. Жергілікті әкімдіктер оны шеше алмайды. Біз осындай ұсыныс бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді палата өкілі.

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2023 жылға дейін Қазақстаның 97 %-ын жоғары талшықты интернетпен қамту жоспарланғанын айтып жүр. Қалған 3 % халықты спутниктік технология арқылы ғаламторға қоспақшы. Ұсақ оператор өкілдері бірауыздан бұл өте қымбат әрі ойға қонымсыз тәсіл екенін айтты. Оның үстіне ондай интернетті тұтынушы халықтың қалтасы да бірнеше еселеп қағылатын көрінеді.

Қостанай өңірінен эфирге қосылған "Кабельные сети Костаная" ЖШС-нің директоры Алексей Гердт интернет тарту ісінде жол салу принципімен жұмыс істеу керек деген ой айтты.

"Қазіргі таңда "Қазақтелеком" ұлттық байланыс операторы ретінде салаға толықтай монополия орнатқан. Сөйте тұрып бізге бәсекелес болып отыр. Осылай болмас үшін магистральдік желіні жол салған сияқты мемлекет төсеуі керек. Онсыз да салаға қомақты қаржы бөлініп, түсініксіз игеріліп жатыр. Ал елдімекендердің арасына, үй-үйге операторлар жеткізсін. Осының арқасында ауылдарда жаңа жұмыс орны да ашылады. Өйткені жергілікті тораптарға қызмет көрсететін персонал қажет болады",  – деді кәсіпкер.

Телерадиохабар тарату операторлары қауымдастығының президенті Саят Нұрахметов интернеттің  тапшылығы шалғай  ауылдарға ғана тән проблема емес екенін айтады. 

"Қала іргесіндегі ауылдарда, қаланың жеке секторында да интернет тапшылығы бар. Карантин осы кемшіліктің бәрін көрсетіп берді. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының қаншалықты сапалы іске асқанын көрсетті. Проблеманы құрылымдап қарау керек. Салада "Қазақтелеком" монополия орнатып алған. Өзгелер магистральдік тораптарға кіре алмайды. Мәселе монополияға қарсы органдар деңгейінде көтерілсе де,  нәтиже жоқ. Осы проблеманың басын ашып алмай жаңа бағдарлама іске асырудың пайдасы шамалы", – деп түйді қауымдастық басшысы.
 
Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу