Төтенше жағдайлар департаменті қысқа дайын ба?

2960

"Қыс – 2019" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. 

Төтенше жағдайлар департаменті қысқа дайын ба?

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ауа температурасының төмендеуі салдарынан қыс кезінде құбырлардың жарылуы, пеш жағудан және кабельдер мен электр сымдарының тұйықталуынан өрт шығуы, тас жолдарды қар басып қалуы тәрізді төтенше жағдайлар орын ала бастайтындығы шындық. Ал еліміздің құтқару қызметі бұған дайын ба?

Осы орайда, қыс кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою үшін елордалық азаматтық қорғау жүйесінің дайындығы мен мүмкіндігін арттыру мақсатында "Қыс – 2019" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу барысында небір өрт сөндіру көліктері, тракторлар жүйткіп жүрді. Түр-тұрпаты "Джип" машинасына ұқсайтын, үлкендігі Камаздай, алты дөңгелекті жол талғамайтын "Трэкол" көлігі шараға келушілерді таң-тамаша етті. Ал құтқарушылар өз дағдыларын көрсетіп жатты.

Оқу-жаттығудың шарықтау шегі – көпқабатты үйде шыққан өртті сөндіру болды. Құтқарушылар әлі салынып бітпеген үйдің жоғарғы қабаттарының бірінде тұтанған өртті сөндіру кезінде бір адамды арқасына байлап алып, альпинист тәрізді үйдің сыртқы қабырғасын бойлап, арқанмен жерге түсті. Сол сәтте басқа терезеден құтқарушы қызметкер, соңынан  журналистер кезекпен 2-3 қабаттан жерде үрленіп тұрған құтқару батутына секірді. Барлық құтқару шаралары сәтті аяқталды.

Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев оқу-жаттығу шеңберінде өтіп жатқан шаралар жайлы айтып берді: "Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, осындай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шара Қарағанды тас жолы бойындағы негізгі оқу-жаттығу орнында өтуде. Осы жерде бес оқу-жаттығу өтеді. Мысалы, жоғалған балықшыларды іздеу, боран болғанда тас жол бойында қалып қойған автобусты құтқару, жолаушыларды жылыну орнына әкелу, жарылған жылу беру құбырын жөндеу және үлкен ғимаратта өрт шыққан кезде адамдарды құтқарып, өртті жою",– деді ол.

Сондай-ақ Марғұлан Аманбаев төтенше жағдайлар департаментінің міндеті жайлы айтып өтті.

"Біздің департаментің негізгі міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою. Біз тек өрт сөндірумен ғана айналыспаймыз, сонымен қатар суға батқан адамды құтқару, боран кезінде жолда қалып қойған адамдарды алып шығу – біздің жұмысымыз. Былтыр қыс кезінде жолда қалған 78 адамды құтқардық, оның 15-і бала.  Өткен жылы қаза тапқандар болған жоқ. Былтыр бекеттерде 500-ден артық көлік тұрып қалғанда, барлығына көмек көрсетілді. Әлбетте, трассаға сытылып шығып кеткісі келгендер болды. Біз оларды жіберген жоқпыз. Жолда тұрып қалғандарға Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлері ас-су апарып беріп көмектесті", – деді ТЖД өкілі.

ТЖД басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев қыс маусымына дайын екенін мәлімдеді.

"Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті қыс маусымына 100 пайыз дайын. Өйткені елордада "103" медициналық қызмет көрсету, "102" полиция қызметі тәрізді 21 қызмет көрсету ұйымы арасында бірлесе қызмет ету жақсы жолға қойылған. Автобус қажет болса, көлігін ұсынуға автопарк дайын. Тұрғындар игілігі үшін еңбек ететін 21 қызметтің бірлігі жақсы",– деп сөзін қорытындылады Марғұлан Аманбаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу