"Төтеншеліктер" елдің сүйікті асына қатысты қатаң ескерту жасады

325

Мамыр келгенде кейбір азаматтар "ауырмай есінен жаңыла" бастайды.

"Төтеншеліктер" елдің сүйікті асына қатысты қатаң ескерту жасады

Мамырдың шуақты күндері мен мақпал түндеріне елігіп, әрі демалыста зерігіп, кейбір отандастарымыздың "арқасы қозады": табиғатқа шығып, оның аясында жұпар иісі танауды жарар ет қуыруға аңсары ауып, қауіп-қатерді тарс ұмыт қалдырады.

Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан халқын табиғат аясында сергек болуға және су жағасында да қауіпсіздік ережелерін қапысыз ұстануға шақырды. Демалыстың ажырамас бөлігіне айналған "кәуап пісіру" рәсімін, мангал мен барбекюді қай жерде және қалай пайдалану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді.

"Күннің көзі жылынып, жер арқасы кеңігенде, "тілсіз жаудың" жайлауына жол ашатын қауіпті маусым да қатар келеді. Табиғи өрттердің алдын алу – әрбір жанның жауапкершілігі. Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды отпен ойнамауға, өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға және ашық жалынға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Сенбіліктер өткізу, үй маңындағы аумақтарды, бау-бақша және саяжай учаскелерін тазалау кезінде жиналған қураған шөп пен ескі-құсқыны жағу кезінде ерекше сақтық таныту қажет. Есіңізде болсын: ауа райы құрғақ, ыстық болғанда, әрі екпінді жел тұрғанда от жағуға қатаң тыйым салынады!" – деп ескертті ведомство.

Табиғаттың оянуы адам санасының ұйқыға кетуіне себеп болмауға тиіс. Отпен ойнаудың соңы өртке ұласпаса да, қып-қызыл айыппұлға әкелетінін ескерген абзал.

Егер табиғатпен бірге "ішкі аспазыңыз" да оянса, онда мангалмен бірге кез келген нысаннан 10 метр жерге аулақтаңыз. Егер қоқыс жаққыңыз келсе, мұны тек ауа райының қолайлы жағдайларында, ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, осы мақсатта арнайы бөлінген орындарда және тұрақты бақылауда жүзеге асыру қажет. Басқа жерде жағылған алау айыппұлға соқтырады.

"Мангалды, барбекюді, грильді ғимараттар мен құрылыстарға 10 метрден жақын емес қашықтықта пайдалануға ғана рұқсат етіледі. Бұған қоса, от жағылатын орынды өрт сөндіргішпен немесе кемінде 10 литрлік суы бар ыдыспен жабдықтау қажет", – деп мәлім етті министрлік. Өрт белгілері анықталса 101, 112 нөмірлеріне хабарлаңыз.

Сонымен қатар ТЖМ су айдындарының жанында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін қазақстандықтардың еске салды: балаларды су жанында қараусыз қалдырмаңыз.

Айта кету керек, өз саяжай учаскесінде аталған ережелерді сақтамай, от жағып, "шашлықтағаны" үшін енді айыппұл салынады. Бұл өртке қарсы қауіпсіздікті бұзу болып есептеледі және саяжайдағы кез келген алау жағуға қатысты талап саналады.

Мамырдағы мас сезім: қуырылған ет орнына қомақты айыппұл

Төтенше жағдайлар мамандарының мамыр туа сала елге ерекше ескертумен қайрылып, дабыл қағуында үлкен негіз бар. Бұған дейінгі жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, көктемнің осы бір шуақты шағында кейбір азаматтардың "басы айналып", көңіліне желік бітіп, қисыны жоқ, ерсі әрекеттерге бой алдыратын көрінеді. Соның бір жарқын мысалы ретінде, тәртіп сақшылары Павлодар тұрғынының басынан кешкен "хикаясын" баяндады.

Бұл азамат көпқабатты үйдің балконында ештеңе болмағандай мангал жағып, кәуап пісіруге кіріскен. Көршілері балконнан шығып жатқан будақтаған түтінді көрсе де, оны үй иесінің арнайы жаққанын біліп, "көңілді той болсын" деді ме, әлде мән бермеді ме, тиісті жеріне хабарламаған.

Сонымен ол құтылып кететін бе еді. Алайда "атың шықпаса, жер өрте" демекші, павлодарлық тұрғын еркінси келе, мұнымен тоқтамай, өз балконындағы пикникті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіден жаһанға мақтана жариялайды.

Өзінің де, өзгенің де өмірін қыл үстіне қойған "аспаздың" бұл қылығы құзырлы органдардың назарынан тыс қалмады. Өрт қаупін төндіргені үшін ол ӘҚБтК-нің 410-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.

Хайп орнына айып арқалады

Танымалдыққа құмарлық пен орынсыз ерсілік тағы бір алматылық жігітті тығырыққа тіреді. 22 жастағы қала тұрғыны Шығыс айналма автожолының жиегіне темір тұлпарын қаңтарып қойып, сол маңда лаулатып от жағып, кәуап пісіруге кіріскен. Көп ұзамай желіде жол бойындағы осы жағдай бейнелеген бейнежазба тарап, жұртшылықтың қызығушылығы мен наразылығын қатар тудырды.

Polisia.kz дерегінше, ізінше Алматы полициясы бейнероликтің авторын ұстады. Тергеу амалдары барысында бұл оқиғаның басқа астары әшкереленді: оқиға туралы "102"-ні құлағдар еткен – сол топтың мүшесі, заң бұзушылықты камераға түсірген оператор екен.

Ал от жағып, "шашлық" қуыру – жасанды қойылым болып шықты. Осы арқылы 1997 жылы туған Б. есімді азамат хайп жасап, елге танылғысы келіпті. Арзан бедел мен жалған атаққа деген құштарлық оны заң алдында жауап беруге мәжбүр етті.

Ақыр соңында "арманына" жетті және ішкі істер органдарының тізіміне кіріп кетті. Ол бірден бірнеше құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның арасында ұсақ бұзақылық, көлік құралын белгіленбеген жерге тоқтату және басқасы бар.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, сот шешімімен Б. 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған. Артынша ол мақтаныш емес, өкініш толы жаңа видео түсіріп, жұртшылықтан кешірім сұрады. Өз қателігін өзгелерге сабақ еткен Б. өз қателігін қайталамауға, жол бойында мұндай құқық бұзушылық жасамауға шақырды.

Саңырауқұлақтан басталған "соқпақ" сотқа тіреді

Абай облысында саңырауқұлақ теруге шыққан үш достың бастан кешкен "хикаясы" жай ғана айыппұлмен емес, теміртормен аяқтала жаздады. Өйткені олар ерте көктемде шығатын, кейбір адамның сүйікті асы саналатын осы "өсімдік-ағзаны" терумен шектелмей, жолшыбай кәуапқа құмартады.

Бұл ашкөздіктің соңы – Бесқарағай аудандық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша үш жылға шартты түрде сотталуға соқтырды. Оқиғаның өрбуі қылмыстық драмаға бергісіз: шелектерін саңырауқұлаққа толтырып, орман жолымен қайтып келе жатқан үшеудің көзі жол жиегінде жайылып жүрген шошқаға түседі. Айналасына қарап, зұлым ойларын ешкімнің байқамайтынын түсінген олар жануарды ұрлап әкетіп, асықпай сойып, талпақ танаудан будақтатып кәуап дайындаған.

Бірақ ауылда "Ешкім көрмеді, ешкім білмейді" деген қағида жүрмейді. Тәртіп сақшылары ізіне түсіп, малдың қалдықтары арқылы тауып алды. Салдарынан бір күндік "ләззатының" соңы сот алдында жауап берумен, "аңшылардың" аты қылмыстық іс қағаздарына тіркелумен тәмамдалды.

Жеңсік ас жолында жаза басқаны жөн емес

Асқа деген асау құмарлығын құрықтай алмау кез келген өңірдің тұрғынын қылмысқа итермелеуі мүмкін екен. Мәселен, Қонаев қаласында дәмханалардың біріне кірген "бармағынан бал тамған" аспаз емес, суық қолды ұры 40 істік шикі кәуапты ұрлап, қараңғылыққа сіңіп жоқ болған.

Бірақ бұл олжасының дәмін татып үлгермеді. Қалалық полиция бөліміне дереу шағымданған 36 жастағы кәсіпкер әйелдің әңгімелеуінше, ол түнгі уақытта дәмханаға кіріп, тоңазытқыштағы ет кесіктерін шампурымен бірге "үптеп" кетіпті.

Жедел-іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол 32 жастағы Алматы қаласының тумасы болып шықты. Ұрының бұл қылығы Қылмыстық кодекстің "Ұрлық" бабымен сараланып, тиісті жазасын алды.

Тіпті жұртшылығының ауқаты жақсылау елорданың өзінде де кәуапқа қатысты түсініксіз, біртүрлі жайттар орын алып тұрады екен. Бір азамат тұрғын үйдің ауласында менмұндалап тұрған жаңа мангалға қызығып, оны иесінен сұраусыз "меншіктеп" кеткен. Қожайыны арызбен жүгініп, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 48 жастағы ер адам ұсталды.

Күдіктінің күндізгі уақытта Бастөбе көшесімен өтіп бара жатып, үйдің ашық тұрған қақпасынан мангалды көргені анықталды. Бірақ кәуап жасағысы келмеген, оны ет қуырғысы келген басқа бір адамға 30 мың теңгеге сатып үлгеріпті. "Ұрлық түбі – қорлық" екенін ол да кеш түсінді.

Осыған орай, полицейлер де, төтенше жағдайлар ведомствосының қызметкерлері де кәуап сүйер қауымнан өрт қауіпсіздігін сақтауды ұмытпауды, өз әрекеттерімен өзіне және өзгелерге қауіп төндірмеуді сұрайды. Өрт қауіпсіздігін сақтау – тек міндет емес, өзіңіздің және өзгенің өміріне деген жауапкершілік. Әрбір басылған қадам мен жағылған от болашаққа күлін шашып, ертеңгі күніңізге қаяу түсірмесін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу