Tour de France 2019: Алғашқы кезеңде Якоб Фульсанг қақтығысқа тап болды

2155

Әріптестерінің қолдауының арқасында Фульсанг жарыс жолына қайта шығып, кезеңді уақыт жоғалтпай, еш кедергісіз аяқтады. 

Tour de France 2019: Алғашқы кезеңде Якоб Фульсанг қақтығысқа тап болды

Бельгияда "Тур де Франс" суперкөпкүндігі басталды. 194.5 шақырымға созылған алғашқы кезең Брюссель маңында өтті. Мәреге шамамен 20 шақырымдай қалғанда орын алған қақтығысқа "Астана" капитаны Якоб Фульсанг та тап болды. Әріптестерінің қолдауының арқасында Фульсанг жарыс жолына қайта шығып, кезеңді уақыт жоғалтпай, еш кедергісіз аяқтады. Алайда мәреден кейін қазақстандық команданың капитаны бірден "Тур де Франстың" жылжымалы ауруханасына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті.

Тексерулердің нәтижесінде оң көзінің үстінде жарақат анықталып, жарасы төрт жерден тігілді. Сонымен қатар тізесі, иығы және шынтағы жарақаттанған. Қуанышқа орай радиографиядан сынық анықталмады. Бірақ қосымша тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша, тізесі қатты зақымданған. 

"Қауіпсіз позицияға шығу үшін пелотонмен жоғары көтеріліп келе жатқанда шабандоздардың бірі дәл менің көз алдымда құлап қалды. Содан кейін құламау мүмкін емес еді. Әрине, "Турды" осылай басталады деп күтпеген едім. Еш жерім сынбай, жарысты одан әрі жалғастыра алатыныма қуаныштымын. Мұнымен "Тур" аяқтала қойған жоқ. Алда әлі талай кезеңдер бар. Ертең өтетін командалық жарыс қиын болады. Өзімді қалай сезінетінімді көре жатармыз. Барынша жақсы нәтиже көрсету үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауға тырысамыз",– деді Якоб Фульсанг.

"Якоб Фульсанг құлағанға дейін командада барлығы жақсы еді. Жігіттер оның қайта пелотонға қосылуы үшін бар жағдайды жасады. Сондықтан біз уақыт жоғалтқан жоқпыз. Якобтың жарысты одан әрі жалғастыра алатынына қуаныштымыз. Енді ертең өтетін командалық жарысқа Якобтың жағдайына ыңғайласытырып жоспар құрамыз. Әрине, бұл тек біздің ойымыз. Бірақ Парижге дейін расымен де әлі өте алыс",– деді спорттық менеджер Дмитрий Фофонов.

"Тур де Франстың" 1-кезеңі Брюссельден басталды. Халық өте көп болды. Төрт шабандоз көшбасшы топ құрды. Үздік тау шабандозына берілетін бұршақ түсті жейденің иесі Мур де Граммон асуына жеткенде анықталып, Олимпиада чемпионы Грег Ван Авермат жеңімпаз атанды.

Жарыс жолының соңғы шақырымдары өте қауіпті болды. Финишке 18 шақырым қалғанда орын алған қақтығысқа Фульсанг та тап болды. Ал сәл кейінірек болған тағы бір қақтығыс кезең нәтижесіне қатты өзгеріс әкелді. Ең соңында шабандоздар кезең жеңімпазын жаппай спринтте анықтады. Бірінші кезеңнің жеңімпазы атанып, әрі сары жейдені кию бақыты голландиялық шабандоз Майк Тёниссенге бұйырды.

Ертең Брюссельде 2 кезеңде 27,6 шақырымға созылатын командалық жарыс өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу