Tour de France 2019: "Астана" жүлде алар кез келді

2386

Бельгия мен Францияның аумағында өтетін атақты "Тур де Франс" жарысында ел намысын "Астана" велокомандасы қорғайды.

Tour de France 2019: "Астана" жүлде алар кез келді

6-28 шілде аралығында Бельгия мен Францияның аумағында өтетін атақты "Тур де Франс" жарысы басталмақ. 106-рет ұйымдастырылып отырған бұл додаға әдеттегідей ел намысын "Астана" велокомандасы қорғап шығады.

Жыл сайын веложарыстың қашықтығы өзгеріп отырады. Орташа есеппен алғанда спортшылар 3500-4000 шақырымның арасында жүріп отырады. Ал жарыс тарихында ең ұзақ қашықтық 1926 жылы болып еді. Ол кезде шабандоздар 5745 шақырымды бағындырды. Биылғы жарыстың ұзақтығы 3460 шақырымды құрап отыр.

21 кезеңнен тұратын "Үлкен күрмеуге" биыл "Астана" командасы өте жақсы құрам шығарып отыр. Команда сапында жүрген негізгі мықты деген шабандоздардың барлығы да жарақаттан дін аман. Демек, биыл елордалық ұжымнан бір нәтиже күтуге болады. Ал команда басшысы Александр Винокуров әдеттегідей команда алдына жеңіс деген мақсат қойып отыр.

Әрине, "Тур де Франста" жеңіске жету оңайға соқпасы анық. Дегенмен, командамыз жүлдегерлер қатарында болып, бірнеше кезеңдерде атой салуы ықтимал. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы бұл жол команда капитаны ретінде Якоб Фульсанг шығады. Ол биылғы жылы "Льеж-Бастонь-Льеж", "Критериум Дофине" жарыстарын жеңді. Даниялық шабандоз қазір нақ бабында тұр. 
Одан бөлек те командаға жүлде салып жүрген сайыпқырандар шақыртылды. Олардың қатарында тәжірибиелі Луис Леон Санчес, Горка Исагирре, Магнус Корт, Омар Фрайле, Алексей Луценко, Пельо Бильбао, Уго Уль секілді жігіттер бар. Құрамдағы жігіттердің барлығы да тәжірибиесі толысқан әрі "Тур де Франсқа" бұрын қатысқан. Тек Уго Уль мен Пельо Бильбао ғана "ТДФ 2019" жарысында дебют жасағалы тұр. Алайда, спорт менеджері Дмитрий Фофоновтың сөзіне сенсек, бұл екі жас шабандоз өздерін толықтай көрсетіп үлгерген, әрі осы додада сенсациялық нәтижелер тіркеуі де мүмкін екен. Мысалы, Пельо Бильбао осы биылғы "Джиро д'Италия" жарысының екі кезеңін жеңді. Ал Уго Уль командалық шабандоз әрі таулы аймақта өзін жақсы сезінеді.

Демек, "Астана" командасы биыл бірнеше кезеңде жеңіске жетіп, капитанымыз үздік үштік қатарына кіріп жатса, таң қалмаңыздар. Одан бөлек те таулы аймақтың, жазықты даланың жейделері мен жас шабандозға берілетін ақ жейдеге де біздің команданың өкілдері таласуы мүмкін.

Біздің команданың арқадағы нөмірлеріне қарап танығыларыңыз келсе, трансляция барысында мына сандар сіздерге көмегін тигізуі мүмкін: Якоб Фульсанг жарыста 71 нөмірімен өнер көрсететін болады. Талантты жас шабандозымыз Пельо Бильбао – 72. Ал 76 нөмірімен Қазақстан чемпионы Алексей Луценко шығады.

1 кезең, 6 шілде: Брюссель – Брюссель, 192 км
2 кезең, 7 шілде: Брюссель/Король бекінісі – Брюссель/Атомиум, 27 км (TTT)
3 кезең, 8 шілде: Бенш – Эперне, 214 км
4 кезең, 9 шілде: Реймс – Нанси, 215 км
5 кезең, 10 шілде: Сен-Дье-де-Вож – Кольмар, 169 км
6 кезең, 11 шілде: Мюлуз – ла Планш де Бель Фий, 157 км
7 кезең, 12 шілде: Бельфор – Шалон-сюр-Сон, 230 км
8 кезең, 13 шілде: Макон – Сент-Этьен, 199 км
9 кезең, 14 шілде: Сент-Этьен – Бриуд, 170 км
10 кезең, 15 шілде: Сен-Флур – Альби, 218 км
16 шілде, демалыс
11 кезең, 17 шілде: Альби – Тулуза, 167 км
12 кезең, 18 шілде: Тулуза – Баньер-де-Бигор, 202 км
13 кезең, 19 шілде: По – По, 27 км (ITT)
14 кезең, 20 шілде: Тарб – Турмале, 117 км
15 кезең, 21 шілде: Лиму – Фуа, 185 км
22 шілде, демалыс
16 кезең, 23 шілде: Ним – Ним, 177 км
17 кезең, 24 шілде: Пон-дю-Гар – Гап, 206 км
18 кезең, 25 шілде: Амбрён – Валуар, 207 км
19 кезең, 26 шілде: Сен-Жан-де-Морьен – Тинь, 123 км
20 кезең, 27 шілде: Альбервиль – Валь Торанс, 131 км
21 кезең, 28 шілде: Рамбуйе – Париж, Елисей алаңы, 127 км

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу