Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлім етті.
Оның сөзінше, алдағы күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді барынша азайту мақсатында ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарын күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг шеңберінде жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл", - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта электр стансаларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд теңгені құрайды.
"Жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО бойынша мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО бойынша меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсынылады",-– деп қосты Болат Ақшолақов.