Трамп төбеден төніп тұр

1169

Трамп ең жоғары мемлекеттік постқа үміткерлік үшін бәсекеде қарсыластарынан 50 пайыз алда келеді. 

Трамп төбеден төніп тұр Фото: russian7.ru

Бұл – үш жыл бұрын жеңіліске ұшырап, масқара болған бір мерзімдік президент үшін керемет оралу. 

Оған екі рет импичмент жарияланды. Ол 2020 жылғы президенттік сайлауда жеңілгеннен кейін биліктің бейбіт жолмен берілуіне кедергі келтіруге тырысты, көптеген қылмыстық істер бойынша айыпталды және сыншылар оның автократ ретінде басшылық етуді жоспарлап жатқанын ескертеді. Алайда, осының бәріне қарамастан, Дональд Трамп Ақ үйге оралуы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Трамп ұлттық сауалнамаларда Республикалық президенттікке үміткер бәсекелестерінен шамамен 50 пайыздық пунктпен алда келеді. Бұл – үш жыл бұрын жеңіліске ұшырап, масқара болған бір мерзімдік президент үшін керемет оралу.

Трамптың 2024 жылы қарашада өтетін сайлауда қазіргі демократ президент Джо Байденді төрт себеппен жеңуі мүмкін. Олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Экономикаға ризасыз сайлаушылар

Байден әкімшілігі экономиканың жақсы жағдайда екенін айтады. Жұмыссыздық Трамп қызметтен кеткен кездегі 6,3%-дан 3,9%-ға жуық минимумға дейін төмендеді. Ал инфляция 2022 жылдың маусымындағы 9%-дан қазан айындағы жағдай бойынша 3,2%-ға дейін түскен.

Бірақ, жұртшылықтың көп бөлігі, соның ішінде түрлі-түсті сайлаушылар мен жас сайлаушылар, басқаша ойлайды. Олардың пікірінше, жалақы деңгейі азық-түлік, көлік, үй, балалар мен қарттардың күтімі сияқты маңызды тауарлар мен қызметтердің құнына сәйкес келмей отыр.

Байден экономика туралы жақсы айтқанымен, америкалықтар экономикалық көрсеткіштерге емес, қолжетімділікке көбірек мән береді. Кейінгі сауалнамалар көрсеткендей, сайлаушылар республикашылдарды экономиканың тиімді басқарушылары деп санайды.

Өмірдің іргетасы

Америкалықтар өмірдің іргетастары санайтын – баспаналы болу, инфляциядан қалыспайтын жалақы, жоғары білім – бұның бәрі көпшіліктің қолы жетпейтін дүниеге айналып барады. Сонымен қатар, сауалнамалар сайлаушылардың қылмыс пен АҚШ-Мексика шекарасынан заңсыз өтіп жатқан мигранттар легіне алаңдайтынын көрсетіп отыр.

Ал АҚШ-тың саясатына сырттан немесе бизнестен барған Трамп бұл проблемаларды шешуге қауқарлы саясаткер болып көрінуге шебер. Ол елдегі жағдайды хаосқа теңеп, өзін құтқарушы ретінде ұсынуды біледі. 

Трамптың әрекеттері көпке жағып тұр

Трампты өз партияластары, демократтар және БАҚ-тағы сыншылар президенттік постқа жарамсыз деп санаса да, миллиондаған сайлаушы бұндай пікірмен келіспейді.

Көптеген жақтастары Трампты саяси қарсыластарының құрбаны деп біледі. Осы жылдың басында Reuters/Ipsos жүргізген сауалнамаға қатысқан республикашылдардың кем дегенде жартысы Трамп қылмыс үшін сотталса да, оған дауыс беруге дайын екенін айтқан.

Сондай-ақ, Трамп өзінің төрт жыл билігі тұсында үкімет аппараты қызмет еткенін және оның Ресеймен сөз байласқаны жайлы мәліметтер еш дәлел таппағанын алға тарта алады.

"Ең алдымен Америка!"

Ақ үй әлі күнге дейін Байденнің саясатымен инфрақұрылымға, таза энергияға, чиптер өндірісіне қомақты мемлекеттік инвестиция салынып, жұмыс орындары ашылып, халықтың өмірі өзгергеніне қоғамды сендіре алмай келеді. Бұл кемшілікті Трамп өз мүддесіне пайдалануы мүмкін.

Сонымен қатар, Байден өз билігі тұсында Америка қоғамын екіге жарған екі шетелдік соғысқа тап болды. Осы тұста Трамптың "Ең алдымен Америка!" деген ұраны сайлаушылар тарапынан үлкен қолдау табуы ықтимал. Себебі, Құрама Штаттарда Украина мен Израильдегі қарулы жанжалдарға АҚШ-тың араласуын қолдамайтындар аз емес.

Әрине, бұның бәрі Трамп міндетті түрде жеңетінін білдірмейді.

Трамп әлі күнге дейін елдің көптеген бөліктерінде және демографиялық топтары арасында үлкен қолдауға ие емес. Егер партитясынан кандидат болып таңдалатын болса, оны билікке жібермеу үшін талай адам сайлауда демократтарға дауыс беруі мүмкін.

Тағы бір айта кететін жайт, демократтар абортқа құқықты қорғау жолында сәтті науқан жүргізе білді және олардың 2024 жылғы сайлау қарсаңындағы кампанияда да бұл мәселені ту етуі ғажап емес.

Айта кетсек, сайлауға әлі 11 ай бар. Бірақ Трампта бұрынғыға қарағанда Ақ үйге оралуға мүмкіндік әлдеқайда көп болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу