Трамп Байденге билікті байыппен беруге келісті

9178

Президент сайлау нәтижесін мойындамаса да, қаңтардың 20-да биліктен кетуге ақыры келісті. Мұның алдында оның жақтастары Капитолийде қан төгіп, бүкіл әлемді елең еткізді.

Трамп Байденге билікті байыппен беруге келісті

Президент Дональд Трамптың жүздеген жақтасы сәрсенбіде Капитолийге шабуыл жасады. Және де олар күмәнсіз ұтылған мемлекет басшысының сайлаудағы жеңілісін жоққа шығарып, дәлізде полициямен қақтығысып, сайланған демократиялық президент Джо Байденнің жеңісін сертификаттау процедурасын бірнеше сағатқа кешіктірді.

Соңғы 200 жылдан астам уақытта америкалық демократияның символына жасалған ең ауыр шабуыл кезінде бүлікшілер металл қауіпсіздік бөгеттерін құлатып, терезелерді сындырып, Капитолийге кіру үшін тіпті оның қабырғасына өрмелеген.

Полицияның мәлімдеуінше, хаос кезінде төрт адам қаза болды - олардың біреуіне оқ тиген, ал қалған үшеуі жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін жан тәсілім етіп, 52 адам қамауға алынды.

Кейбір демонстранттар Өкілдер палатасын қоршап, оның есіктерін қағып, халық қалаулыларын сертификаттау пікірталастарын тоқтата тұруға мәжбүр етті. Қауіпсіздік офицерлері болса, заң шығарушылар мен өзге де адамдардың қашып кетуіне көмектесу үшін, палатаның есігін жиһазбен тіреп, тапаншаларын атуға әзірледі.

Бірнеше сағаттан соң Конгресстің екі палатасы да Байденнің сайлау Коллегиясындағы жеңісін растау жұмыстарын қайта бастады және пікірталастар бейсенбі күні таңертеңге дейін созылды. Трампқа жақтас республикалық заң шығарушылардың Байденнің жеңісіне қарсылығын басым көпшілік, соның ішінде республикалықтардың көпшілігі де, қабылдамады.

Полиция шабуылдан кейін үш сағаттан астам уақыт бойы Капитолийді Трамп жақтастарынан тазарту операциясын жүргізді.

Бейсенбі күні таңертеңге дейін заң шығарушылар Байденнің сайлаудағы жеңісін растап, жұмысын аяқтады.

Бірлескен отырысқа оралсақ, оған төрағалық еткен вице-президент Майк Пенс сайлаудың 306-232 есебімен аяқталғанын жариялады. Ал, жеңілгенін мойындаудан қайта-қайта бас тартқан Трамп бейсенбідегі дауыс беру процедурасынан кейін дереу мәлімдеме жасап, инаугурация күні билікті байыпен беретінін атап өтті.

"Мен сайлау нәтижелерімен толық келіспеймін және фактілер мұны растайды.  Дегенмен қаңтардың 20-да билік тәртіппен тапсырылады", - дейді Трамп Twitter-де жариялаған жазбасында.

Коменданттық сағат

Бұл шабуыл - қарашаның 3-де өткен сайлау төңірегіндегі даулар мен араздықтың шарықтау шегі. Содан бері Трамп бірнеше рет сотқа шағым түсіріп, дауыс беру нәтижелерінің бұрмаланғанына арызданып, өз жақтастарын сайлау қорытындысын жоюға көмектесуге шақырды.

Сайлауда жеңілсе, билікті бейбіт жолмен тапсырудан бас тартатынын ескерткен Трамп, Ақ үйдің жанына жиналған мыңдаған жақтасын Капитолийге барып, дауыс беру процесіне қарсылық білдіруге үндеді. Көптеген бақылаушылардың ойынша, президенттің дәл осы мәлімдемесі өткен тәуліктегі бей-берекетсіздікке бірден-бір себепші.

"Президенттің көпшілікті жинағанына күмән жоқ. Және де ол сол көпті бүлікке шабыттандырып, жанжал отын тұтатты", - деп жазды Twitter-де Өкілдер палатасының республикалық конференциясының төрайымы Лиз Чейни.

Вашингтон қаласының мэрі Муриэль Боузер болса, кешкі сағат 6-дан бастап жалпы қалалық коменданттық сағат енгізуді бұйырды. Сонымен қатар, Ұлттық гвардия жауынгерлері мен ФБР агенттері және АҚШ құпия қызметі Капитолий полициясына көмекке жіберілді. Гвардия сарбаздары мен полиция офицерлері болса, коменданттық сағат күшіне енгеннен кейін Трамптың жақтастарын Капитолийден қуып шықты деуге болады.

АҚШ Капитолий тарихы қоғамының мәліметі бойынша, бұл ғимаратты британ әскері 1814 жылы өртеп жіберген екен. Сондан бері оған ең жойқын шабуыл кеше жасалып отыр.

Қарашада өткен сайлауда республикалық президентті ойсырата жеңіп, қаңтардың 20-да қызметіне кірісетін демократ Байден наразы топтың Капитолийдегі әрекетін "бүлікпен пара-пар" деп ескертті.

Трамп жалған шағымды тоқтатар емес

Twitter-де жарияланған видеода бүлікшілердің Капитолийді кезіп жүргенін көруге болады. Ал, Трамп соңғы жазбаларының бірінде сайлау нәтижелерінің бұрмаланғаны жайлы жалған мәлімдемелерін қайталаса да, жақтастарын Капитолийден кетуге шақырды.

"Енді үйге қайту керек, бізге тыныштық қажет. Біз сіздердң жақсы көреміз. Сіздер өте ерекшесіздер", - дейді Ақ үй басшысы әлеуметтік желіге шыққпан мәлімдемесінде.

Кейінірек Twitter Inc қолданушылардың Трамп видеосын таратуына тыйым салды, ал Facebook зорлық-зомбылық қаупін ескере отырып, оны өз бетінен толығымен алып тастады. Сонымен қатар, Twitter әлеуметтік медиа платформасы "азаматтық адалдық" ережелерін "бірнеше рет және өрескел бұзғаны" үшін Трамптың аккаунтын 12 сағатқа бұғаттағап, оны мүлде тоқтатып тастауы мүмкін екенін де ескертті.

Екі партияның сайлау бойынша өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылардың  мәлімдеуінше, қараша сайлауында Байден Трампқа қарағанда 7 миллион дауысты артық жинаған және сайлау кезінде айтарлықтай бұрмалауға жол берілмеген.

Штаттар Байденнің президенттік сайлауда 306-232 дауыспен жеңіске жеткенін растауды аяқтағанына бірнеше апта өтті. Ал, Трамптың Байден жеңісіне қатысты талап-арыздарын соттар қанағаттандырмай отыр. Себебі, оларға айқын дәлел жоқ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу