Трамп Байденнің осал жерін біледі

1164

Бірақ социологиялық зерттеулер америкалықтардың қымбатшылыққа ғана емес, Байденнің жасы мен Таяу шығыстағы соғысқа қатысты позициясына да разы еместігін көрсетіп берді.

Трамп Байденнің осал жерін біледі Фото: axios.com

Дональд Трамптың Айова мен Нью-Гемпширде өткен республикалықтар арасындағы праймеризде Никки Хейлиді басымдықпен ұтуы Байденге кім бәсекелес болады деген сауалға нақты жауап тауып берді.

Ақ үйдегілер екі үміткердің күзде қайта кездесетінін және онда Байденнің тағы да жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді. Бірақ, социологиялық зерттеулер америкалықтардың қымбатшылыққа, Байденнің жасына, оның Мексикамен арадағы шекараға қатысты саясаты мен Таяу шығыстағы соғысқа байланысты позициясына разы еместігін көрсетіп берді.

Трампты 2020 жылдағыдай қайта жеңу үшін, Байденнің командасы Трамптың демократияға төндірген қаупіне, оның абортқа қарсылығы мен өзге де жеке бостандықтарды шектеу ниетіне халық назарын аударуға тырысып жатыр. 

81 жастағы Байден екінші мерзім үшін күресу туралы даулы шешімді 77 жастағы Трампты ұтамын деген сеніммен қабылдаған.  

"Егер Трамп сайлауға түспесе, менің түсуім екіталай еді . Оның жеңуіне жол бере алмаймыз", – деді өткен айда Байден өзінің сайлауалды науқанына қаржы жинау шарасында.

Байденнің сайлауалды штабының жетекшісі Джулия Чавес Родригестің мәлімдеуінше, "Нью-Гемпширде өткен сайлаудың нәтижелері Республикалықтарды кандидат ұсыну мүмкіндігінен айырды", ал бостандыққа қарсы MAGA қозғалысы ( Трамптың "Американы қайтадан ұлы ет" ұраны мен саяси базасы) Республикалық партиядағы билікті басып алуды аяқтаған.

Экзит-полл қорытындылары көрсеткендей, республикалық сайлаушылардың көбін Трампқа тағылған қылмыстық айыптар толғандырмайды және олардың басым бөлігі 2020 жылғы сайлауда Байден жеңілді деген уәжге сенеді екен.

Трамп Байден мен демократтарды "байбаламды өршітті" деп айыптап, оның жетістіктерін "осалдық пен біліксіздіктен, жемқорлық пен сәтсіздіктерден тұрады" деп сипаттады.

Трамп пен Байден тәрізді сайлауда қайта кездесу оқиғалары АҚШ тарихында жеті рет болған. Соңғы рет мұндай матч-реванш 1956 жылы Дуайт Эйзенхауэр мен Адлай Стивенсон арасында өтіпті.

ЭКОНОМИКА МЕН ДЕМОКРАТИЯ

Байден мен вице-президент Камала Харрис алдағы апталарда сайлауда шешуші рөл ойнайтын штаттарға барады. Солардың қатарында Пенсильвания, Мичиган, Висконсин бар. Осыларды қосқанда бас-аяғы жеті штатта демократтар науқанының арнайы қызметкерлері жұмыс істемек. 

Байден негізінен экономикалық мәселелерге назар аударады, сонымен қатар ол Трамптан демократияға төнген қауіп жөнінде жалынды мәлімдемелер жасауды жоспарлап отыр.

Харрис дүйсенбіде Висконсин штатында республикашылдардың абортқа қарсы шараларын сынауға арналған жалпыұлттық турын бастады. Бұл науқан консервативтік Жоғарғы соттың әйелдерді түсік жасату құқығынан айыру шешімінен зардап шеккен америкалықтарға бағытталған екен.

Сонымен қатар елдің бірінші қара нәсілді вице-президенті Харриске Байденді қолдауды азайтқан жас және қара нәсілді сайлаушылардың бетін демократттарға қайта бұру да тапсырылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу