Трамп билікке өз тамыр-таныстарын тартуда, кейбірі одан басын ала қашты

3438

АҚШ көшбасшысының командасы қандай болатыны анықтала бастады.  

Трамп билікке өз тамыр-таныстарын тартуда, кейбірі одан басын ала қашты Фото: ТАСС

Трамп Президент сайлауында жеңіске жетті, бірақ Президентке айналған жоқ. Өйткені оның ұлықтау салтанатына дейін әлі 74 күн бар. Соған дейін Мемлекет басшысы болып, Джо Байден, вице-президент – Камала Харрис болып қала береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрама Штаттардың 47-ші Президентінің инаугурациясы 2025 жылғы 20 қаңтарда ғана өтеді. Би-Би-Си жазуынша, оған дейінгі кезең өтпелі саналады. Осы кезеңде президенттік доданың қорытындыларын бекітумен байланысты бірқатар маңызды рәсімдер тәмамдалуға тиіс.

Ең алдымен, 2024 жылғы 11 желтоқсанға дейін дауыс санауға қатысты барлық мәселелер шешімін табуы шарт. Бұл мерзім әртүрлі штатта әрбасқа. Мысалы, Аризонада, Мичиганда сайлау нәтижелерін сертификаттау 25 қарашада, Висконсинде – 1 желтоқсанда аяқталады.

Ең бастысы, барлық елу штат және АҚШ-қа қарасты өзге территориялар мен аралдар дауыс санау қорытындыларын растау рәсімдерін 11 желтоқсанға дейін бітіріп үлгеруі керек. Бұл дедлайн 2022 жылы, дауыс санау реформасы туралы заңымен бекітілді. Бұл құжат Трамп пен оның жақтастарының 2020 жылғы сайлау қорытындысын қабылдаудан бас тартуына жауап болды. Бұдан былай тек "апат оқиғалары" кедергі келтірсе ғана дауыс санау мерзімін ұзартуға рұқсат етіледі.

Жаһандық №1 супердержавада президенттік сайлау қорытындыларын біздегі сияқты Орталық сайлау комиссиясы жалғыз өзі тани салмайды, әрбір жергілікті билік – губернатор мен штат хатшысы бекітеді. Осыдан кейін растау сертификаттары Конгреске (Парламент) және Ұлттық архивтер мен жазбалар басқармасына бағытталады.

Бірақ жаңа лидер ел тізгінін қолына алуы үшін басқа да тексерістен абыроймен өтуі шарт. Оның біріне сәйкес, әрбір штаттың таңдаушыларын ресми тіркеу науқаны басталуда. АҚШ-та 144,6 миллионнан аса сайлаушы сыртында, 538 таңдаушы бар. Соның ішінде 5 қарашада дауыс бергендерінің 226-сы – Камала Харристі, басым көпшілігі немесе 301-і – Дональд Трампты жақтап, дауыс берді. Кандидат жеңіске жетуі үшін 270 таңдаушының дауысын жинаса жеткілікті.

Енді осы таңдаушылардың дауыс беру қорытындысы расталуы шарт. Осы мақсатта 2024 жылғы 17 желтоқсанда барлық 538 таңдаушы жиналып, Таңдаушылар алқасын қалыптастыруға тиіс. Олар жаңа Президент пен Вице-президентке ресми дауыс береді. Олардың дауысы Сенат төрағасының қарауына енгізіледі. Мұнда да ақырғы меже бар: желтоқсанның төртінші сәрсенбісінен (25 желтоқсан) кешікпеуі қажет.

Соңғы жоралғы – Конгресс отырысы. 2025 жылғы 3 қаңтарда депутаттық корпустың жаңа құрамы ант береді. Ал, 6 қаңтарда қос палата – Сенат пен Өкілдер палатасы бірлескен отырысына жиналады. Осы жиында дауыс берудің нәтижелері түпкілікті расталады. Содан соң ғана әлемдегі №1 алпауыттың жаңа Президентінің аты-жөні ресми аталады.

6 қаңтардағы бірлескен отырысты іс басындағы вице-президент Камала Харрис жүргізеді. Сайлауалды науқан барысында Трампқа қастандық жасалып, оны атып өлтіруге талап болғандықтан, бірқатар сарапшы: "Харрис ханым 6 қаңтарда сайлау нәтижесін мойындамай, жаңа Президенттің атын атаудан бас тартуы мүмкін" деген үрейлі болжамдар жасады. Онда халық сайлаған Мемлекет басшысы лауазымына кірісе алмайды, оны жақтаған жұрт өзін алданған сезінеді, билікке өшігеді. Онсыз да екіге жарылған Америка қоғамында әлеуметтік жарылыс болып, азаматтық соғыс басталуы ғажап емес еді.

Бірақ билік азаматтық соғыстың алдын алғанға ұқсайды. 7 қарашаның кешінде кандидат-демократ Камала Харрис Дональд Трампқа өзі хабарласып, жеңісімен құттықтады. Сол күні іс басындағы Президент Джо Байден де Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, билікті бейбіт жолмен табыстау және ары қарайғы саясатты қуғын-сүргінсіз, байсалды жүргізу туралы сөз қозғаған. Д.Трамп оппозицияға кетіп бара жатқан қазіргі биліктің көшбасшыларының бұл ұсынысына келіскенін мәлімдеді.  

Осылайша, 2021 жылғы қаңтар оқиғалары қайталанбайды: сонда қарсыласы демократ-кандидат Джо Байденнің озғанын мойындамаған, "жеңісімді ұрлап алды!" деп санаған іс басындағы Президент Дональд Трамп жақтастарын сайлау қорытындылары жарияланатын Капитолий сарайын басып алуға айтақтағаны белгілі. Абырой болғанда, сонда вице-президент Майк Пенс төл бастығы Трамптың тілін алмай, Конгресте жаңа Президенттің атын жариялады.

Дегенмен, Трамп бірқатар ресми жоралғыларды бұзды. 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін Демократиялық және Республикалық партиялардың сайлауалды штабтары Бірыңғай қызметтер әкімшілігімен бірге өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға тиіс еді. Сонда жеңіске жеткен тарап еш қиындықсыз мемлекеттік ғимараттарға, коммуникацияларға, жабдықтарға, басқасына қол жеткізеді. Трамп командасы қол қоймады.

1 қазанда сайлауалды штабтардан Ақ үймен бірге өзара түсіністік туралы құжатқа қол қою талап етілді. Онда үкіметтік агенттіктерге, орынжайларына және құжаттарына қол жеткізу шарттары көрсетіледі. Бұл жолы да Трамптың штабы қол қоюдан ат-тонын ала қашты.

"Осыдан кейін амалсыздан, әрбір мемлекеттік агенттік сайланған Президенттің командасына арналған ақпараттық материалдарын дайындады. Мұндағы мақсат – болашақ әкімшілікті бірінші кезекте қандай қиыншылықтарға кезігетіні, қандай проблемалар шешілмей қалғаны, мемлекеттің қандай басымдықтарының бар екені туралы хабардар ету", – деп баяндады CNN-ге Өтпелі президенттік кезең орталығының директоры Валери Бойд.

Алайда, Трампқа агенттіктердің, шенеуніктердің ақыл-кеңесінің де, ақпараттық материалдарының да түкке қажеті жоқ сияқты. Ол "2025 жобасы" аясында билікте кең ауқымды реформа жүргізуге, Құпия қызмет, FBI, Әділет министрлігінен бастап, көптеген меморгандарды таратуға, мемлекеттік функцияларды жаппай жеке секторға аутсорсингке беруге, атқарушы билікте қалатын, еш партияны жақтамайтын технократ-функционерлерді төл жақтастарымен ауыстыруға ниетті.

Би-Би-Си сарапшылары Трамп үшін биліктегі әрбір тұлғаның, шенеуніктің өзіне шын берілуі мемлекеттік мұрат-мақсаттардан маңыздырақ және биік тұратынын айтады.

Жаңа Президент командасын келесі жылы толыққанды қалыптастыруы керек. Ол оған қазірден кірісіп кетті. Мысалы, АҚШ тарихында тұңғыш рет Ақ үйді әйел басқармақ. Associated Press хабарлауынша, Трамп президенттік аппаратының басшысына Сьюзи Уайлсты тағайындайды.

"Сьюзи – қатаң, ақылды, инновациялы әйел. Барлығы оны құрмет тұтады, сүйсініп, тәнті болады. Сьюзи Американы қайтадан ұлы ету үшін тынымсыз еңбек етеді. Құрама Штаттардың тарихында Ақ үйдегі тұңғыш бастық әйел ретінде Сьюзиді тағайындау – лайықты құрмет! Еліміз оны мақтан етеріне күмәнданбаймын", – деп мәлімдеді Трамп.

CNN Уайлс ханымның республикалық кандидаттың жеңімпаз сайлауалды науқанына іс жүзінде басшылық еткенін қаперге салады. Ол темірдей тәртіп орнатып, Трамптың сайлауалды штабына кіргендердің ешқайсысын босаңсытпай, күндік-түні тонуста ұстады, жігерлі, белсенді қимылға, үздіксіз ізденіске жұмылдырды.   

Уайлстың өзі ел назарынан барынша бой тасалады, сахналардан көрінбеді, көлеңкеде жүруді қалады. Тіпті осы сәрсенбінің таңында Трамп жеңісін тойлап жатқанда ортаға шығып, микрофонды қолына алудан бас тартты. Ол журналистердің өзін "сайлау кампаниясының бейресми менеджері" деп атауына қарсыласты.

Бірақ бұл Уайлс ханымның жұртшылық алдынан шығудан қорқатынын, "сахна ауруы" барын білдірмейді. Ол әккі маман ретінде Трамптың мінез-құлқын жақсы біледі, танымалдылығы мен сүйкімділігі өзінен асып-тасып кеткендерге кенет өшігіп, кек алатынын, мансаптық сатыда өсуіне жол бермей тастайтынын, Трамптың талай азулы, ардақты лидердің түбіне жеткенін жақсы біледі.

AP жазуынша, Сьюзи Уайлсты жалдау – Трамптың ең бірінші маңызды шешімі болды. Жаңа сайланған Президент Вашингтонда ғасырлар бойы қалыптасқан құрылымды күйретіп, төңкеріс жасауға, сол арқылы жаңа Американы жасауға іңкәрланды. Америкалықтар соған карт-бланш берді.

Алайда, бұған 4 жылдық каденция мерзімі жетпей қалуы мүмкін. Жетуі үшін келесі қаңтардан бастап жаңа командасын едел-жедел қалыптастырып, түбегейлі жаңғырту жолында қызу қимылға көшуі керек. Уайлс осы тарихи бетбұрысты жүзеге асыра алатын команданы қалыптастыруға атсалысып, батыл реформатор тұлғаларды табуы шарт. Тек Сьюзидің федералдық үкіметте үлкен жұмыс тәжірибесі жоқ, қалыптасқан жағдайға жата-жастана қанығып жататын уақыты да жоқ.

Бұл жерде әрине, аңыздағы "Авгийдің ат қорасын" тазарту үшін оның ауданы мен тереңдігін бағамдап, тиісті өлшеу жұмыстарын асықпай жүргізуге, алдағы жұмыс ауқымын жоспарлауға және басқасына уақыт кетіруге болады. Немесе, Геракл сияқты бұл былыққа бір көз жүгіртіп, арна қазып, Алфей мен Пеней өзендерінен аққан судың қатты қысымымен былықты лезде шаюға болады. Трамп соңғы тәсілді таңдауы ықтимал. Бірақ бұл билікке тамыр жайып алған саяси элитаның қуатты қарсылығын туғызып, қастандық ұйымдастыруға, азаматтық соғыс пен жаһандық супердержавадағы тұрақсыздыққа соқтырмаса болғаны.   

Америкалық сарапшылар әр істе тәртіп пен заңдылықты қалайтын Уайлс ханым ақша десе, Отан-Анасын сатуға даяр миллиардерлердің АҚШ ұлттық мүддесіне қайшы тірліктерге жаппай бой ұруына кедергі жасайды деп санайды. Өйткені сайлауалды үгіт науқаны кезінде ол Трамптың импульстарын қолынан келгенше бақылауда ұстап бақты. Бұл үшін боссты кінәламады, тоқтаусыз ақыл айтып, нотация оқымады, оған құрмет-қошеметін білдіре отырып, нені жасаған дұрыс, нені жасаған бұрыс екенін жетесіне жеткізе білді.

Трамп өзінің өтпелі командасын мұқият жоспарлаудан 8 жыл бұрын бас тартты. Оның орнына ол бүгінде айналасына отбасы мүшелерін, өзі сенетін жақын-жұрағат, жора-жолдастарын, одан қалды сайлауалды науқаны кезінде қолғабыс еткен көмекшілері мен инсайдерлерін жинауда. Мұның арты жақсылыққа соқтырмауы мүмкін. Өйткені алғаш 2016 жылы Президент болған Трамптың бірінші каденциясында осындай тұлғалар мерзімінің үлкен бір бөлігін ішкі талас-тартыс, алауыздықпен өткізді, бірін-бірі аяқтан шалумен айналысты.

Сенсация іздеген ақпарат құралдары және қарсылас демократтар оның бәрін іліп алып, сол кездегі Трамптың командасын "әйкәпір" етті, абыройын айрандай төкті. Бұл Вашингтондағы экожүйеде "өз адамы" емес, өгей болған Трампты жарға жықты және 2020 жылғы сайлауда жеңілуіне әсер етті. Ол қателіктерден Трамп сабақ алды ма, онысы келесі жылы белгілі болады. Ақ үйді Уайлсқа беруі Президенттің барынша бірауызды команда құруды қалайтынын куәландырады.

Осы жолғы президенттік додада жеңіс тұғырына қайта көтерілген Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін командасына таныстарын енгізгісі келетінін жариялады. Ол Байден тартқан тәжірибелі генералдарды қуып тастауды жоспарлап отыр.  

Трамптың мінезі қысқа күнде қырық құбылатынын, бүгінгі жақын дос ертең бітіспес жауға айналуы мүмкін екенін білетін кейбір тұлға жаңа сайланған Президенттің командасына кіру туралы шақырулардан бойын аулақ салуда. Мысалы, Арканзас штатынан сайланған сенатор, Ауғанстан және Ирак соғысының ардагері Том Коттон Трамп әкімшілігінде биік лауазым иеленуді қаламайтынын мәлімдеді. Сыбыстар бойынша оған АҚШ Қорғаныс министрі ретінде тағайындалып, Пентагонның төріне жайғасу ұсынылған деседі.

Axios басылымының хабарлауынша, Трамп әлемдегі бейбітшілік пен соғыс ахуалына тікелей ықпал ете алатын Америка көшбасшысының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасына мүйізі қарағайдай генералдар емес, Трамптың таныс-біліс бизнесмендері, апайтөс корпорациялардың бас директорлары кіргелі тұр. Олар қауіпсіздік пен әскери саланы монетизациялауы мүмкін.

Қалай болғанда, Трамп туыс-туғанын да ірі лауазымды қызметке тағайындаудан арланбайды. Ол үшін Америка – алып корпорация ғана. Мысалы, бұрынғы президенттік мерзімі кезінде Трамп Таяу Шығыс саясатын жүргізуді күйеу баласы Джаред Кушнерге тапсырды. Ол өз кезегінде Израиль-Палестина бейбіт жоспарын әзірледі. БАӘ, Бахрейн, Марокко мен Судан сияқты мұсылман елдерді Израильмен бітісіп, Авраам келісіміне қол қоюға иліктірді.

Жаңа әкімшілікті қалыптастыру үшін Дональд Трамптың екі жарым айдай уақыты бар. Сарапшылар Мемлекеттік хатшы лауазымына MAGA қозғалысының жарқын жақтаушысы, АҚШ министрлер кабинетіндегі бірінші гей хатшы Рик Гренелл, Флорида атынан сенатор Марко Рубио немесе Теннесси атынан сенатор, Джордж Буш әкімшілігінің ардагері Билл Хагерти тағайындалуы мүмкін деп топшылайды. Үшеуі де, әсіресе, соңғы екеуі Украинаға көмектесуді жақтамайды. Тағы бір үміткер Роберт О'Брайен ғана Украина мен НАТО-ның шын берілген жақтаушысы. Ол Трамптың ұлттық қауіпсіздікке жауап берген төрт көмекшісінің ішінде онымен ұрысып, ат құйрығын кесіспеген жалғыз адам.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу