Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп Украина Президенті Владимир Зеленскиймен Ақ үйдегі даулы кездесуден кейін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РИА Новости және "Обозреватель" басылымдарына сілтеме жасап.
– Не сіздер соғысты аяқтайсыздар, не бәрін осы күйінде қалдырып, не болатынын көресіздер. Олар әрі қарай соғыса берсін, – деді Трамп Air Force One бортына мінер алдында журналистерге.
Оның айтуынша, Зеленский күресті жалғастырғысы келеді, ал АҚШ "дереу атысты тоқтатуды" көздейді.
– Бүгін бізде Зеленскиймен кездесу болды және менің ойымша, оның көзқарасы бойынша бұл кездесу онша жақсы өткен жоқ. Ол жағдайды тым шиеленістіріп жіберді деп ойлаймын. Біз бейбітшілік іздейміз. Біз біреудің күшті билікке қол қойып, кейін бейбітшілікке қол жеткізбей, өзін батыл сезінуін қаламаймыз. Мен тыныштықты қалаймын. Біз 10 жылдық соғысқа араласып, ойын ойнағымыз келмейді. Біз бейбітшілікті қалаймыз, – деді Трамп.
– Апта ішінде шамамен екі мың сарбаз қаза тапты. Жас украиндар мен ресейліктер. Кейбіреулер: "Сізге Украина мен орыс сарбаздарының не қатысы бар?" – деп сұрауы мүмкін. Мен олар үшін алаңдаймын, мен бәрі үшін алаңдаймын, – деп қосты ол.
Трамптың айтуынша, Украина президентінің қолында "өте әлсіз карталар" бар. Ал егер бейбіт келісім жасалса, Зеленский "өте күшті карталармен" келіссөз жүргізе алады.
– Зеленский бейбітшілікті қаламайды, ал Ресей Президенті Путин бұны тоқтатқысы келеді, – деді Ақ үй басшысы.
Трамптың пікірінше, АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау үшін Зеленский бейбітшілікті қалайтынын мәлімдеуі керек, сондай-ақ Путин туралы жағымсыз сөздер айтуды доғаруға тиіс.
– Келіссөздерді бастау үшін Зеленский "Мен бейбітшілік қалаймын. Мен соғысты тоқтатқым келеді. Адамдар өліп жатыр" деп айтуы керек. Ол "Путин былай, Путин олай" деп жағымсыз сөздер айтпауы керек, – деді Трамп.
28 ақпанда Зеленский АҚШ Президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездесті. Әңгіме барысында Украина Президенті АҚШ вице-президенті Джей Ди Венспен ашық жанжалға түсіп, кейін Трамппен де келіспеушілікке ұрынды.
Қоғамдық жанжалдан кейін Зеленский Ақ үйді мерзімінен бұрын тастап кетті. Тараптар пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойған жоқ. Еуропа көшбасшылары Владимир Зеленский мен Украинаны қолдайтындықтарын білдірді.