Трамп импичментке ұшыраған үшінші президент атануы мүмкін

4985

Сәрсенбі күні Конгрестің Өкілдер палатасы презиндентке ресми түрде екі айып тағу мәселесін дауысқа салады.   

Трамп импичментке ұшыраған үшінші президент атануы мүмкін

Республикалық президент Дональд Трамп АҚШ тарихында импичментке ұшыраған үшінші президент атануы мүмкін. Бұл мәселе бойынша  Конгресстің демократтар бақылауындағы Өкілдер палатасы осы аптада дауыс береді.

Трампқа екі айып тағылып отыр. Олардың бірі - Ақ үй басшысының 2020 жылы өтетін президенттік сайлаудағы негізгі қарсыласы – демократ Джо Байденді тергеуді талап етіп, Украинаға қысым жасауы жайында. Демрократтардың ойынша, осы ісімен-ақ Трамп билікті асыра пайдаланды.

Екіншіден, президент бұл мәселені тергеу барысында Конгреске кедергі жасады деп айыпталып отыр.

Трамп болса, өзіне тағылған кінәларды түгелдей жоққа шығарып, саяси майдандағы қарсыластары – демократтарды президентті биліктен құлату үшін оған негізсіз жала жапты деп мәлімдеді.

Өкілдер палатасы импичмент бойынша сәрсенбі күні дауыс береді деген болжам бар. Сол отырыста Трампқа тағылған айыптарды мақұлдау және істі республикалықтар бақылауындағы Сенатқа жіберіп, тергеу жүргізіп әрі қарай президентті отставкаға кетіру проблемалары таразыға салынады.

Айта кету керек, демократтар Өкілдер палатасында республикалықтардан 36 орынды артық иеленіп отыр. Сондықтан Трамптың қарсыластары импичменттік дауыс беру процедурасында жеңіске жетуі ықтимал.

Сенатта "шанс" шамалы

Сенатқа келсек, мұндағы 100 мандаттың 53-і республикалықтардың қолында. Демек оларда Трапты тергеуге жол бермейтін мүмкіндік бар. Президентті қызметінен аластату үшін сенаторлардың үштен екі бөлігінің қолдауы қажет.

Әйтеуір, сот процесін бастау үшін Сенаттағы Демократиялық партия жетекшісі Чак Шумер Ақ үйдің уақытша штаб басшысы Мик Малваниді, Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтонды, Малванидің көмекшісі Роберт Блэрді, бюджет мәселелері бойынша қызметкер Майкл Даффиді куәгер ретінде сұрақ-жауапқа шақырды.

Шумер Сенаттағы республикалық көпшіліктің лидері Митч Макконнелге хат жолдап, импичмент аясында Трампты сотқа тарту мәселесін көтерді. "Әділ тергеу жөнінде қандайда бір пәтуаға келеміз деп үміттенемін", - дейді Шумер дүйсенбі күні жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Палатадағы демократтар тағы төрт адамнан жауап алғысы келеді. Алайда олар тергеуге бармаған. Ал, осы палатаның сот комитеті Трампқа қарсы екі айыпты бекіту үшін жұма күні дауыс берді және де жексенбінің кешінде президентке қатысты іс туралы толық баяндама жарияланды.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришам дүйсенбі күні "Твиттер" арқылы мәлімдегендей, әділдік іздеген Шумердің "түн ортасында" жарияланған 658 беттік баяндамаға қатысты түсініктемесі "күлкілі".  Гришамның сөзінше, мұның бәрінің көзбояушылық екенін халық көріп отыр.

Макконнелдің өкілі болса, Шумердің хатына әлі жауап берген жоқ. Дегенмен, оның айтуынша, Сенаттағы республикалық көпшіліктің жетекшісі Макконнел "процесстің қыр-сырын талқылау үшін таяуда Шумермен кездесуді" жоспарлап отыр.

Жолдан тайғандар

Америка тарихында жолдан тайған бірнеше президент болды. Бірақ олардың ешқайсы импичмент нәтижесінде қызметтерімен қош айтысқан жоқ.

Ричард Никсон 1974 жылы биліктен аластатылмай тұрып, отставкаға өз өтінішімен кетті. Эндрю Джонсон мен Билл Клинтон сәйкесінше 1868 және 1998 жылдары Өкілдер палатасында жауапқа тартылғанымен, Сенатта сотталмады.

Осы жолы Өкілдер палатасындағы жасамыс демократтар кез-келген импичменттік дауыс беру процедурасында жеңіске жететіндеріне сенімді.

Конгресте өткен тыңдалымда демократтар Трампты АҚШ Конституциясы мен ұлттық қауіпсіздігін және президенттік сайлаудың әділдігін қатерге душар етті деп айыптады. Олардың сөзінше, биыл шілдеде Ақ үй басшысы Украина президентімен болған телефон әңгімесінде Владимир Зеленскийге Украина газ компаниясының басшылығында болған Джо Байден мен оның ұлы Хантер Байденді тергеу туралы қысым жасаған.  Демократтар осындай істерімен елге қауіп төндірген Трампқа қарсы импичмент өте қажет процедура деп есептейді.

Республикалықтар Трампты қорғаштап, демократтарды партизандық әрекетке барды деп айыптап отыр. Сонымен қатар, олардың ойынша, президент қарсыластарының бүгінгі шабуылы 2016 жылы демократ Хиллари Клинтонды жеңіліске ұшыратқан сайлаудың қорытындысын жоюға бағытталған.  Ал, Трамптың өзі бұл импичментті түгелдей жалған процесс деп есептейді.

"ТРАРНСКРИПТТЕРДІ ОҚЫҢДАР! Импичмент өтірігі – Америка тарихындағы ұлы алаяқтық!", - деді АҚШ президенті дүйсенбі күні "Твиттерде" қалдырған жазбасында.

Трампқа сенсек, Байдендер Украинада коррупцияға барды, сондықтан олар сол елде жауапқа тартылуы керек. Алайда Ақ үйдің қожайыны бұған қатысты ешқандай дәлел келтірген жоқ. Бұрынғы вице-президент Джо Байден болса, өзге елде заң бұзғанын жоққа шығарып келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу