Парижге аттанар алдында тілшілердің сауалына "Қателіктер болады. Соғыс – қатыгез нәрсе. Мұны ешкім әдейі жасаған жоқ" деп қысқа қайырды Трамп.
Иран билігінің мәліметінше, елдің оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан "Шаджара-Тайебе" мектебіне жасалған әуе шабуылы салдарынан кемінде 175 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі – балалар.
Трамптың сөзінше, оқиғаға қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. "Тергеу қорытындысы жариялана ма?" деген сұраққа да толыққанды жауап қатпады.
Ал америкалық әскери шенеуніктер жабық есік жағдайында бұл шабуылды "барлау қызметінің сәтсіздігі" деп бағалаған. Бұл туралы The New York Times жазды.
Басылымның мәліметінше, мектеп Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы әскери-теңіз базасының маңында орналасқан әрі бастапқыда оның координаттары сол әскери нысанның аумағына енгізілген. Ішкі тергеу барысында нысаналарды анықтауға жауапты әскери қызметкерлер 7 жыл бұрын түсірілген спутниктік фотосуреттерді пайдаланғаны анықталған. Ол суреттерде мектеп әлі салынбаған.
Бірнеше америкалық БАҚ зерттеген фотоматериалдарға сәйкес, мектептің маңындағы Ислам революциясы сақшылар корпусына тиесілі кемінде 6 ғимарат та дәлдігі жоғары әуе соққыларының нысанасына айналған.