Трамп Иранның әйел футболшыларына саяси баспана беруді ұсынды

174

Ақ үй басшысы парсы футболшылары отанына оралған соң "өлтірілуі мүмкін" екенін айтты.    

Трамп Иранның әйел футболшыларына саяси баспана беруді ұсынды Фото: SPP

АҚШ президенті Дональд Трамп Азия кубогы аяқталғаннан кейін Иран әйелдер футбол құрамасының ойыншыларына Аустралияда баспана беруге шақырды, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, егер Аустралия билігі футболшыларды Иранға күштеп қайтаруға жол берсе, бұл "аса ауыр гуманитарлық қателік" болмақ.

"Олай жасамаңыз, премьер-министр мырза! Оларға баспана беріңіздер. Егер сіздер қаламасаңыздар, оларды АҚШ қабылдауға дайын", – деп жазды Трамп.

Айта кетейік, Аустралияда өтіп жатқан Азия кубогының топтық кезеңінде Иран құрамасы үш матчтың барлығында жеңіліп қалды. Команда 2 наурыз күні Оңтүстік Кореяға қарсы алғашқы ойында (0:3) елдің мемлекеттік әнұранын айтудан бас тартқан.

BBC мәліметінше, бұл әрекет Иранда ауыр сынға ұшыраған. Сонымен бірге, 5 наурызда Аустралияға (0:4) және 8 наурызда Филиппинге қарсы (0:2) ойында ирандық футболшылар әнұранды айтып, әскери сәлем берді.

Иран құрамасы топтық кезеңінен шыға алмағаннан кейін, бас бапкер Марзие Джафари стадионнан шыққан кезде жүздеген жанкүйер оны қоршап алып, "Біздің қыздарды құтқарыңдар!" деп ұрандатқан. Ал Джафари матчтан кейін команда елге оралуды асыға күтіп отырғанын айтқан.

Сонымен қатар CNN және BBC Ирандағы саяси режимге қарсылық көрсеткен 5 ирандық футболшы виза алғанын және олардың қазіргі уақытта "қауіпсіз жерде" екенін жазды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу