Десе де, ол оның нақты қашан жасалатынын нақтыламаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
NBC News арнасының "Meet the Press" бағдарламасына берген сұхбатында Трамп Иранмен қақтығыс пен ықтимал келісім туралы айтып өтті.
АҚШ президентінің сөзінше, Вашингтон аталған жағдайды ауқымды соғыс ретінде қарастырмай отыр.
– Мен мұны әскери жаттығу деп атаймын, – деді ол.
Трамп Иран басшылығының толықтай жойылғанын айтып, елдің әскери-теңіз күштері, әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы жүйесіне ауыр соққы жасалғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, Иранның зымырандары мен ұшқышсыз аппараттарының шамамен 21-22 пайызы ғана қалған.
– Олар күніне 400-500 миллион доллар жоғалтып жатыр, – деді АҚШ президенті.
Трамп Таяу Шығыстағы америкалық әскерді шығаруға ниетті емес екенін жеткізді. Вашингтонның Ирандағы үшінші саяси топпен келіссөз жүргізіп жатқанын да айтты.
– Біз қазір үшінші топпен жұмыс істеп жатырмыз. Олар – мүлде басқа адамдар. Мұны биліктің ауысуы деуге де болады. Олар әлдеқайда парасатты әрі өте ақылды деп есептеймін, – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар, ол Тегеранға қатысты қатаң ұстанымын сақтап отырғанын аңғартты.
– Ұзақ уақыт билікте болған жетекшілер енді жоқ. Екінші буындағы басшылар да қалмады. Меніңше, біз не тез арада нәтижеге жетеміз, не әскери жолмен мәселені толық шешеміз, – деді Дональд Трамп.
АҚШ президенті Иранның Жоғарғы көшбасшысының ұлымен кездесуге дайын.
– Менің ойымша, мақсатқа өте жақын қалдық. Бірнеше мәселе ғана қалды. Оның өзі аса маңызды емес сияқты. Олар ядролық қару жасамайтынын мойындады, – деді ол.
Трамптың пікірінше, Иран келісім жасауға мүдделі, десе де, бұл белгілі бір уақытты талап етеді.
– Бұл олар үшін оңай емес. Олар – мықты әрі намысшыл халық. Таңдау мүмкіндігі де көп емес. Сондықтан уақыт қажет болады, – деді.
АҚШ президенті Иранның байытылған ураны таулы аймақта жасырылғанын айтып, оған қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.
– Оған тек екі ел ғана жете алады – АҚШ пен Қытай. Өйткені, мұндай жұмыстарды атқара алатын техника бізде ғана бар. Жақын арада іздеу жұмыстарын бастаймыз. Егер келісімге қол жеткізсек, мұны ирандықтармен бірлесіп жүзеге асырамыз, – деді Трамп.
АҚШ аталған аумақтағы кез келген қозғалысты бақылауда ұстап отырған көрінеді.
– Егер ол жерге біреу кірсе, жер қазатын техника, жүк көлігі немесе трактор пайда болса, біз оны бірден білеміз. Тиісті шара қабылдаймыз, – деді ол.