АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде тағы да көпшіліктің талқысына түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Финалда Испания құрамасы Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталса, жеңіс голын 106-минутта Ферран Торрес соқты.
Марапаттау рәсімінде Дональд Трамп пен ФИФА президенті Джанни Инфантино әлем чемпионатының кубогын Испания құрамасына табыстады. Алайда бұдан кейін Инфантино ойыншыларға орын босатса, Трамп мінберден кетпей, чемпиондармен бірге қала берді. Бұл сәт әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көрермендердің бір бөлігі АҚШ президентіне ысқырып наразылықтарын білдірді.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 2025 жылдың шілдесінде өткен Клубтар арасындағы әлем чемпионатында да болған. Сол кезде Трамп марапаттау рәсімінен кейін тұғырдан кетпей, турнир жеңімпазы – Лондонның "Челси" клубының футболшыларымен бірге қалған еді.
Осылайша, Испания құрамасы өз тарихында екінші рет әлем чемпионы атанып отыр. Бұған дейін испандықтар әлем чемпионатының алтынын 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен мундиальда жеңіп алған болатын.