Трамп Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізеді

252

Бұл туралы Трамп әлеуметтік желіде жазды. 

Трамп Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізеді Фото: Ведомости

1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25 пайыз мөлшерінде кедендік баж салығын енгізеді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп дүйсенбі күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Хаттың мәтіні Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

"2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жөнелтілетін барлық тауарға салалық баждардан тыс жалпы 25 пайыздық кедендік тариф енгізілетін болады", – делінген құжатта.

Трамп бұл хабарламаның жіберілуі қос тарап арасындағы сауда қатынастарының беріктігін, АҚШ-тың Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға дайын екенін білдіретінін атап өткен.

Сөзінше, қазіргі уақытта Вашингтон ұзақмерзімді сауда тапшылығымен күресуді маңызды деп санайды. АҚШ аумағында тауар өндіретін компанияларға бұл тарифтің қатысы жоқ екендігі айтылған.

"Егер қандай да бір себептермен сіздер де кедендік тариф енгізу жөнінде шешім қабылдасаңыз, ол қандай деңгейде болмасын, сол көрсеткіш біздің 25 пайыздық бажымызға қосылады. Бұл тарифтер саудадағы кедергілерді түзету үшін қажет. Сауда теңгерімсіздігі біздің экономикамызға және ұлттық қауіпсіздігімізге айтарлықтай қауіп төндіреді", – деп жазылған Трамптың хатында.

Трамп дәл осындай хаттарды 10-нан астам елдің басшыларына жіберді.

Атап айтқанда, 1 тамыздан бастап Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Тунистен әкелінетін тауарларға 25 пайыздық баж салығы енгізіледі. Оңтүстік Африка Республикасы, Босния және Герцеговина үшін бұл мөлшерлеме 30 пайыз болып белгіленді. Сербия мен Бангладештен келетін тауарларға – 35 пайыз, Индонезияға – 32 пайыз, ал Лаос пен Мьянмаға – 40 пайыздық тариф енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу