"Трамп келісім жасауды жөн көреді": Иранға қарсы соғыстың бір бөлігі аяқталды

Бұл туралы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио айтып отыр.  

"Трамп келісім жасауды жөн көреді": Иранға қарсы соғыстың бір бөлігі аяқталды Фото: BILD

Оның сөзінше, Иранға қарсы соғыстың шабуыл кезеңі аяқталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Эпикалық ашу" операциясы АҚШ пен Израильдің бастапқы шабуылдары өз межесіне, мақсатына қол жеткізгеннен соң тоқтаған көрінеді.

– Біз бейбіт жолды қалаймыз. Президент Дональд Трамп келісім жасауды жөн көреді, – деді ол БАҚ өкілдеріне.

Рубионың мәлімдемесі Ормуз бұғазы аймағындағы бірқатар шабуылдан кейін жасалды. Бұл жағдай АҚШ пен Иран арасындағы бітімнің бұзылу қаупін күшейткен. АҚШ Парсы шығанағынан осы маңызды су жолы арқылы шығуға тырысып жатқан кемелерге көмек көрсетуге ниетті екенін мәлімдеді.

Тегеран әзірше Рубионың сөзіне түсініктеме бермеді. Десе де, осыған дейін Иран парламентінің спикері Мохаммед Галибаф "қазіргі жағдайдың сақталуы АҚШ үшін қолайсыз екенін жақсы түсінеміз, бұл тек бастамасы ғана" деп мәлімдеген.

АҚШ-пен өткен келіссөздерде Иранның бас келіссөз жүргізушісі болған Галибаф теңіздегі қауіпсіздікке қауіп төнгенін жеткізді.

– Кеме қатынасы мен энергия тасымалының транзиті атысты тоқтату режимінің бұзылуы мен АҚШ және оның одақтастарының блокадасына байланысты қауіпке ұшырады. Десе де, олардың әрекеттері нәтиже бермейді, – деді ол.

Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері екі күн қатарынан Иранның зымырандары мен дрондарын әуе қорғанысы жүйелерімен тойтарып жатқанын мәлім етті. Дүйсенбі күні Әмірліктер Иранды "Фуджейра әмірлігіндегі мұнай портына соққы жасады" деп айыптады. Иран бұл айыптауларды жоққа шығарды және егер мұндай әрекеттер жасалса, оны ашық мәлімдейтінін ескертті.

Жаза кеткен жөн, "Эпикалық ашу" операциясы 28 ақпанда басталған еді. Сол күні АҚШ пен Израиль Иранға бірқатар әуе соққысын жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20%-ы өтетін маңызды су жолы, яғни Ормуз бұғазын бұғаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу